Универсиада - 2017: Атақты конкиші Роман Кречтің сүрінуіне не себеп?
Алматыда өтіп жатқан универсиада ойындарының үшінші жарыс күнінде қоржынымызға бірде-бір медаль түскен жоқ. Бүгін қыз-жігіттер спорттың 6 түрі бойынша бағын сынаған. Алайда ешқайсысы жүлделі орындардан көріне алмады. Әсіресе, жанкүйерлер мұз үстінде желмен жарысқан конькишілерден медаль күткен еді. Бірақ айдынға шыққан төрт конькиші де үмітті ақтамады. Сондай-ақ керлинг, шаңғышылар және мәнерлеп сырғанаушылар да бүгін жанкүйерлерін жерге қаратты.
Автор: Диас Нұрақын
01.02.2017
-Үміт үзілді. Бүгін барша қазақ халқы конькимен 500 метрге жүгіруден алдына жан салмайтын Роман Кречтен алтын жүлде күткен еді. Алайда ел мақтаған спортшымыз 15 мемлекеттен келген 42 спортшының арасында небәрі 7-ші нәтиже көрсетті.
Тартысты бәсеке Медеу мұз айдынында өтті. Бұл жарысқа Қазақстан құрамасы төрт бірдей жүйріктерін қосқан еді. Алайда Роман Кречтен бөлек айдынға шыққан Артем Крикунов, Станислав Палкин және Дарсиль Эссамамбо жанкүйерлердің үмітін ақтай алмады. Есесіне бүгінгі жарыста Корея мен жапониялық спортшылар ешкімге дес бермеді. Алғашқы алты орынды да осы қос елдің конькишілері иеленді. Ал бүгін жолы болмаған біздің төрт жігіттің әлі де жүлдеге таласуға мүмкіндіктері бар екен.
Людмила Прокашова, конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы:
-Бұл жігіттер енді мың және мың жарым метр қашықтыққа жүгіруден сынға түседі. Сондай-ақ, командалық жарыс бар. Сол сында жүлделі боламыз деп үміттенемін.
Бүгін жанкүйерлер мәнерлеп сырғанаушылардан да жүлде күткен. Сондықтан «Алматы аренаға» ағылғандардың қарасы көп. Бірақ бәріне бірдей билет жетіпей, жүздеген көрермен сарайға сыймай қалды. Айта кету керек, универсиада басталғалы көрермен ең көп жиналған жарыс осы болды.
Бұл сында айдынға шыққан Жансая Адықанова ешбір қателік жібермесе де, алғашқы ондыққа іліге алмады. Есесіне Айза Мамбекова көрсеткен күрделі көрініс бәрінің тігісін жатқызғандай болды. Дегенмен, қатты қобалжыған спортшы құлай жаздап, ақыры төмен балл жинады.
Айза Мамбекова, мәнерлеп сырғанаушы:
-Ертең бәрін қадағалап, жақсырақ нәтиже көрсетемін деп ойлаймын.
Сондай-ақ, бүгін шаңғымен құлдилаушы қыздардың да жолы болмады. Шымбұлақта өткен жарыста Екатерина Карпова жарақат алып қалды. Ол трамплиннен секіргенде оңбай құлапты. Қазір спортшы ауруханада жатыр. Керлингші қыз-жігіттер де жетістіріп өнер көрсеткен жоқ. Алдымен әйелдер құрамасы Норвегиядан 4:10 есебімен оңбай жеңілсе, жігіттер жапондарға 3:7 есебімен есе жіберді. Ал бүгінгі жарыс күнін хоккейші қыздарымыз аяқтайды. Қазір Балуан Шолақ мұз айдынында Қазақстан мен Канада құрамалары кездесіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!