Кезекті девальвацияға дайындалып жатқан Ресейде рубль құлдырай бастады
Ресей рублі құлдырай бастады. Оның долларға шаққандағы бағамы бүгін бесінші күн қатарынан 60-тан асып тұр. Көрші елдің Қаржы министрлігі бұл жағдайға алаңдап, бюджетті шығындамас үшін тағы 10 пайыз девальвация жасау қажет деп отыр. Алыс-берісіндегі ең үлкен серіктес болғандықтан, бұл жайдың қазақ теңгесіне әсері болмай қоймайтыны түсінікті. Бұған 10 пайыз девальвация қосылса теңгенің тағдыры не болмақ?
Автор: Ербол Тұрымбет
01.02.2017
Мұнай бағасына тәуелді елдердің қатарынан саналатын Ресей қазына жыртығын жамаудың қамына кірісті. Қазіргідей қара алтын баррелі 55 доллар болып тұрса, Ресей экономикасын тұрақты ұстап тұру үшін резервтік қорынан 464 миллиард рубль шығындамақ. Оның үстіне, бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 1 жарым пайызын құрайтын болады. Ал Ресейдің Қаржы министрлігі бұған жол бергісі келмейді. Сондықтан, рубльді 10 пайызға әлсірету керек деп отыр. Егер ұсыныс жүзеге асса, ол теңгеге қалай әсер етпек деген мәселені ресейлік сарапшы былай түсіндірді.
Валерий Полховский, қаржы сарапшысы (Ресей):
-Меніңше, теңге рубльдің ықпалын сезеді. Егер теңге өз құнын ұстап қалатын болса, онда тауарларды экспорттау қиындап, баға құбыла бастайды. Ресей ең ірі экономикалық серіктесі болғандықтан Қазақстанға бұл тиімсіз. Сондықтан Ұлттық банк теңгені бір орында ұстамай, аздаған өзгеріс енгізеді деген ойдамын.
Орыс ақшасы доллар бағамын 58 бен 60-тың арасында ұзақ уақыт ұстап келеді. Ал соңғы екі аптада 60-тан түсер емес. Долларға шаққандағы бағамы беки түскен теңге бір аптада рубль құнын он тиынға төмендетіпті. Ресей валютасын осы межеде ұстап тұру үшін мұнайдың бір баррелінің бағасы 76 долларға жетуі керек екен. Сондықтан орыс ақшасы құнсыздануы әбден мүмкін. Алайда біздің сарапшылар одан қауіптенудің қажеті жоқ дейді.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
-Теңгеміздің курсы тек қана рубльге байланысты деп айта алмаймыз. Құдайға шүкір, , өзіміздің тәуелсіз экономикалық саясатымыз бар. Әрине, рубльдің әсері болуы мүмкін. Бірақ одан басқа да мықты әсер ететін факторлар бар.
Мықты факторлар деп отырғаны – қазақ ақшасына тікелей әсер ететін доллар мен еуро. Оның үстіне көрші Қытай да ірі экономикалық серіктес. Сондықтан, теңге мен юаньнің ара қатынасын да тұрақты ұстау маңызды. Яғни төл ақшамыздың тағдырын ойлағанда, тек бір валютаны емес, барлық валюталар қоржынын ескеруіміз керек.
Ресей – Еуропа елдерімен экономикалық соғыс жүргізіп жатқан ел. Сондықтан өз нарығын қалауынша өзгерте береді. Рубль құлдыраса, ол шекаралас өңірлер үшін азық-түлік бағасы мен бізге келетін импортына әсер етуі мүмкін. Бірақ, экономиканы түбегейлі әлсірететіндей қауқары болмайды. Сарапшылар пікірі осыған саяды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!