Мәскеуде құлдықта болған жерлестеріміз онда қамауда отырғандардың көп екенін айтты
Мәскеуде құлдықта болған жерлестеріміз туралы хабарлаған соң редакциямызға дәл сол жерде азап шеккен өзге де азаматтар телефон соғуда. Өкінішке қарай, көпшілігі эфирде сөйлеуден қорқады. Өйткені, мәжбүрлі түрде жұмысқа жеккен апалы-сіңлілі әйелдердің Қазақстанда әлі туысы көп дейді. Ал азапты күндері туралы айтқан Ертай Ережепов құл ұстаушылар мен елшіліктегілер тіпті ауыз жаласты десе, Несібелі Ибрагимова сол атышулы дүкенде әлі біраз адам қалды деп отыр.
Автор: Бек Әбиев
01.02.2017
24 жастағы Ертайды өзін «Айка» деп таныстырған қыз Ресейде туған әпкелерінің дүкеніне жұмысшы керек екенін, ол жақта қазақтардың ортасында болатынын айтып, 150 мың теңге жалақымен қызықтырыпты. Сөйтіп, бара сала құжат атаулы дүкен иелерінің қолына өткен. Ал өздерін ұрып-соғып жұмысқа жеккен. Ебін тапқан Ертай он күннен соң жалаңаяқ қашып шығып, Қазақстан елшілігіне барған екен. Бірақ ондағылар, көмектесудің орнына жұмысқа қайта баруға үгіттепті.
Ертай Ережепов, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Елшілікке барып жағдайды айттым. Өзің келдің, өзің бар да құжаттарыңды деді маған. Сіздерден көмек болмай ма деген едім, болмайды деді.
Елшіліктен болмаған шапағатты Ертай бейтаныс жандардан көреді. Бір апта бойы мешітте танысқан қырғыздардың үйінде тұрып, солардың көмегімен дүкен қожайындарынан құжаттарын алған. Сөйтіп, елге жетіп, полицияға арыз жазғанымен іс жұмбақ жағдайда жабылып қалыпты.
Ал 21 жастағы Несібелі Мәскеуге күйеуінің артынан барған. Атышулы дүкен сол күйеуінің нағашысына тиесілі екен. Соған қарамастан, кейін келіншекті де тепкінің астына алып, жарты жыл бойы қорлаған.
Несібелі Ибрагимова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:
-Қоймада жаттық. Ойына келгендерін істеді. Ана қыз шыңғырып жылады.
Ал мынау – сол құл ұстайды деген мәскеулік дүкен иелерінің бірі Жансұлу Ыстанбекова. Ертай дәл осы әйелмен елшілік қызметкерлері байланыста болуы мүмкін деп жориды. Бірақ дипломаттардың сөзі басқаша.
Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:
-Ертай Ережеповтің арызынан кейін Мәскеудегі біздің дипломаттар дүкенге барып, психологиялық қысым жасау арқылы оның құжаттарын алып берді. Қазақстанға қайтар қаржысы болмағандықтан пойызға да ақшаны біздің дипломаттар берді.
Алайда құлдықта болған жігіт Мәскеуде көмек берген азаматтарды куәлікке тартуға да, өзі жұмысқа жегілген дүкенді көрсетуге де әзір.
Соңғы 9 жыл ішінде Ертай мен Несібелі секілді Мәскеудегі дүкенде құлдықта болғандар саны 20-ға жетеді. Алайда көрген қорлығын ашық айтуға барлығының бірдей батылы жете бермейді.Оның үстіне Ыстанбековаларға қатысты неше рет арыз түсіргенімен, не Қазақстанның, не Ресейдің құзырлы орындары оларға қарсы түк жасай алмай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары