Бостандыққа шыққан атышулы Наталья Слекишина түрмеге қайтып оралмауы мүмкін
Тергеу қапасында зорланып, содан бала туған атышулы Наталья Слекишина ақыры уақытша бостандыққа шықты. Жазасын енді ол араға 5 жыл салып өтемек. Слекишина тергеу қапасында 4 қызметкерден зорлық көргенін өткен жылы мәлімдеген болатын. Солардың бірі түрмеде туылған қыздың әкесі болып шыққан. Қызқұмар офицерді темір торға отырғызып тынған әйелдің өзі «қарақшылық шабуыл» бабымен бақандай 8 жылға сотталғанын да айта кетейік.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
03.02.2017
-Слекишинаны уақытша бостандыққа жіберу туралы қаулы негізі 4 күн бұрын қабылданған. Бірақ ол кішкентай қызымен бірге әлі де тергеу қапасында отыр. Өйткені қаулы мұндағыларға кешігіп, тек бірер сәт бұрын ғана жеткен.
Натальяны бір топ адам осы жерде 2 күн бойы күтумен болды. Сөйтіп, оны түрмеден мәз-мейрам болып шығарып алды.Слекишинанык қуанышында шек жоқ. Еркіндікке шыққанына сенер-сенбесін білмей тұр. Енді ол кесілген жазасын 5 жылдан кейін өтемек.
Наталья Слекишина:
-Әлі сене алар емеспін. Бұл қиындықтың біткеніне қуаныштымын.
Әйелді темір тордан шығарып алуға адвокаты, жақындары мен бірнеше журналист келген. Арасында тіпті өзі сияқты 4 бірдей адамнан зорлық көрген Жібек Мусинова да жүр.
Жібек Мусинова:
-Натальяны демеуге келдік. Оны менен артық ешкім түсіне алмайтын шығар. Бір-бірімізге көмектеспесек, бізді басқа кім қолдайды?
Айта кетсек, әйелдің өзі азаматтық некедегі күйеуін тонағаны үшін 8 жылға сотталған. Осы уақытқа дейін сол мерзімнің 2 жылын өтепті. Оның бостандыққа шығуына енесі қарсылық білдіріп, сотқа шағымданғанымен ештеңе өндіре алмады. Десе де, Слекишина бұрынғы енесіне материалдық және моральдық шығындарды өтеуге міндеттеліпті.
Наталья Слекишина:
-Неге оларға ақша беруім керек?Мені тақырға отырғызғандары үшін бе? Әлде, жазықсыз түрмеге қамалғаным үшін бе? Менің бостандыққа шыққаным оларға тиімсіз. Сондықтан кедергі келтіргісі келді.
Наталья кінәсін әлі күнге дейін мойындамайды. Әйелдің осы іс бойынша тергеліп жатқанда да көрмеген қорлығы жоқ. Тергеу қапасында оны 4 бірдей қызметкер зорлағаны туралы бұрын айтқанбыз. Содан келіншек балалы болды. Зорлады деп айыпталғандардың бірі – Руслан Хакимов расымен түрмеде туылған қыздың әкесі болып шықты. Сөйтіп, ол 9 жылға сотталды. Бірақ іс мұнымен біте қоймайын деп тұр.
Айман Омарова, адвокат:
-Бізде тағы 2 іс бар. Қылмыстық іс. Осы КУИС-тің қызметкерлеріне қарсы. Жазған арыздарын жібермегені туралы. Екіншісі, сот барысында қысым көрсетіп, жазған арызыңды басқашалап жаз деп қысымға алған.
Слекишинаның адвокаты жазасыз қалған қапастың 3 қызметкерінің де түбіне жетпей қоймаймыз деп отыр. Тіпті әйелдің түрмеге кінәсіз жабылғанын да дәлелдемек. Сондықтан Наталья 5 жылдан кейін түрмеге қайтып оралмауы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!