{metadescription}
Петропавлды жылумен қамтамасыз ететін компания пластик құбырларға қарсы шығып жатыр
Петропавлды жылумен қамтамасыз ететін компания пластик құбырларға қарсы шығып жатыр

Петропавлды жылумен қамтамасыз ететін компания пластик құбырларға қарсы шығып жатыр

Қазір шахардағы мыңнан астам көпқабатты үйдің 60 пайызына осындай материал орнатылыпты. Компания өкілдерінің айтуынша, алғашқыда 50 жылға жарамды деп жарнамасы жер жарған дүние айналасы бес-алты жылға да шыдас бермейді екен. Соңғы кездері осындай құбырлардың кесірінен апаттан көз ашпаған монополистер енді тұрғындарды  қайтадан темір құбыр тартуға үгіттеп жүр.

Петропавлдағы мына көпқабатты үйдің жертөлесіндегі құбыр  жарылып, тұрғындар аязды күні жылусыз отырды. Бір тәулік бойы тыным таппаған мамандар апат зардабын әзер жойған. Артынша оның себебін анықтаған арнайы комиссия да бар кінәрат пластик құбырдан деп тоқтам жасаған.

Әсел Қалиева, Петропавл қаласының тұрғыны:

-5 жыл бұрын пластикке ауыстырсын деген еді. Ауыстырдық. Енді қайтадан темірге ауыстырсын дейді. Оның бәрі шығын ғой. 

Тұрғындардың айтуынша, кезінде тозығы жеткен темір құбырларды пластикке ауыстыру туралы ұсынысты пәтер иелері кооперативінің төрағалары жасаған екен. Ал олар бұл материалдың жарнамасына сеніп қалдық деп отыр. Уақыт өте келе оның жылу жүйесіндегі 70 градус ыстыққа төзбейтіні белгілі болды.

Максим Ананьев, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

-Пластик құбырлар арзан. Оны дәнекерлеу де оңай. Түрі де әдемі. Біз соған қызықтық. Әрі 50 жыл кепілдік береміз деген жарнамаға сендік.

Қазір Петропавлдағы көпқабатты үйлердің 60 пайызында пластик құбырлар тұр. Ал жылыту маусымы басталғалы 3 үйде апат болған. Былтыр жазда құбырды жуып шаю кезінде де төрт үйдегі осы материалы қысымға шыдас бермей жарылыпты.

Александр Захарьян, «Петропавл жылу желілері » ЖШС бас инженері:

-Пластик құбырдың  ішкі диаметрі  теміріне қарағанда 2 мм кем. Сондықтан олардың түйіскен жеріне қысым түседі де, құбыр жарылады. Біздегі пластик құбыр 4-5 жылға ғана жарайды. Әйтеуір, жыл сайын апаттан көз ашпайтын болдық.  

Энергетиктер қалада жаңадан салынып жатқан үйлерде ғана пластик құбыр тартуға рұқсат беріпті. Өйткені құрылысшылар жаңа ғимаратқа автоматты қысым реттегіш құрылғыны қоса орнатады.

Сондықтан энергетиктер тұрғындарға пластик құбырды қайтадан теміріне ауыстырыңдар немесе автоматты қысым реттегіш құрал орнатыңдар деп үгіттеп жатыр. Апаттан шаршаған олар бұған көнбесеңдер алдағы жылыту маусымына дайын емес деген құжат беріп, үйлеріңді жылусыз қалдырамыз деп қорқытуда.     

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде