{metadescription}
Шымкентте бюджеттен миллиардтап ақша алғыш кәсіпорын жұмысшыларына жалақы бермей жүр
Шымкентте бюджеттен миллиардтап ақша алғыш кәсіпорын жұмысшыларына жалақы бермей жүр

Шымкентте бюджеттен миллиардтап ақша алғыш кәсіпорын жұмысшыларына жалақы бермей жүр

Тоқыма өндірісімен айналысатын «Меланж» және «Ютекс» фабрикаларында еңбек еткендер 9 айдан бері ақша алмаған. Басшылары Елбасының өзіне бірнеше рет қаржы да көп, тапсырыс та жетерлік деп есеп берген кәсіпорынның еңбеккерлері енді кімге шағым айтарын білмейді. Жұмысшылардың жанайқайын Бек Әбиев тыңдап келді.

Соңғы 9 айда кәсіпорындары тоқтап тұрған жұмысшылар соның алдында жұмыс істеген 9 айының жалақысын ала алмай зар илеп жүр. Пұл орнына уәде бергіш басшылардан шаршаған жұрттың дат айтатын жері де қалмаған.

Құлажан Таубазаров, жұмысшы:

-Бәрімізде отбасымыз бар. Күн көру керек қой. Жалақы алмай жатсақ қалай күн көреміз?Екінші айтатын мәселе өнеркәсіп тұр. Бірақ, не үшін тұр белгісіз.

«Меланж» және «Ютекс» тоқыма фабрикаларының дағдарысқа ұшырауы бірінші мәрте емес. Тәуелсіздік алғалы мемлекет көмегімен бірнеше рет банкроттықтан аман қалған кәсіпорындар екі жарым жыл бұрын тағы да бюджетке жәутеңдеген. Ол кезде қос компанияға «Байтерек» холдингі 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген екен. Сол кезде 10 жыл еш қайғысыз жұмыс істейміз деген басшылар тағы тығырыққа тіреліп отыр.

Жұмагүл Байжанова, тоқыма цехының бастығы:

-Айтуға да ұят. Мақтасы да жетерлік, мынадай алпауыт комбинаты бар кәсіпорын жұмысының тоқтап қалғаны қызық болды. Әйтпесе, осыған дейін 50 жыл бойы ың-шыңсыз жұмыс істеген еді. Әйтеуір, себебін бір түсіне алмай қойдық.

Жұмысшылардың айтуынша, цехтарда былтыр ғана удай бағаға алынған құрылғылар бос тұрса, қоймада екі жарым миллиард теңгенің дайын өнімі шаң басып жатыр. Фабриканың тоқтауы инвестор мен мемлекеттің арасындағы аздаған түсінбеушілікке байланысты деген кәсіпорын басшылары бұл жағдайға нақты не себеп екенін айта алмады. Оның орнына жергілікті шенеуніктерге ақталуға тура келді.

Марат Қарабаев, ОҚО кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

-Зауытты қайта іске қосу ауқымды жұмыс. Инвесторлармен толық келісімге келу қажет. Инвестициялық қордың басшыларымен жолықтық. Соның қорытындысы бойынша ол кісілер жуырда зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.

Шенеуніктердің айтуынша, 150-ден астам жұмысшы жалақыны осыған дейін алып үлгеріпті. Қалған 500-і жеке куәлігі мен еңбек шарты түзілген құжатты алып келсе, еш кідіріссіз ала береді деп сендірді.

Жылға жуық жалақы бермеген жұмыс берушіге еңбек инспекциясы былтыр үш мәрте айыппұл салған екен. Онысы бар-жоғы 400 мың теңгені құраған. Енді  жұмысшыларға берешек жалақыны жабуды «Байтерек» холдингі өз мойнына алды. Ал қайта-қайта тоқтап қала берсе де күнгейлік шенеуніктердің Елбасыдан бастап өзге де лауазымды қонақтарға көрсетуге құмар кәсіпорыны 3 ай шамасында іске қосылады деп күтілуде.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде