Қазақстанда бензиннің қымбаттауы жүргізушілердің түсінбестігін туғызды
Елімізде жанармай бағасы тағы көтерілді. Бүгіннен бастап ең өтімді АИ-92 маркалы бензині 141 теңгеден сатылып жатыр. Яғни сұйық отынның бұл түрі шамамен 3-5 теңгеге қымбаттаған. Ал АИ-95 жанармайының литрі қазір 161 теңгеден саудалануда. Бензиннің арзан екенін айтып, бағаны көтеруді көптен бері «ҚазМұнайГаздағылар» сұрап жүрген болатын. Ұлттық компания басшыларының өтініші, ақыры айға жетпей орындалып отыр.
Автор: Олжас Байжан
06.02.2017
Еліміздегі ең ірі жанармай сатушы компания өкілдерінің бензин бағасын көтеру жайлы ұсыныс айтқанына 10 күн өткен жоқ. «ҚазМұнайГаз өнімдерінің» бастамасынан соң бүгіннен бастап май құю станцияларындағы жазбалар жаңартылып, көптің көңілін күпті етті. Ең өтімді бензин түрі орташа есеппен 3-5 теңгеге көтерілген. Яғни, 1 литр АИ-92 – 141, ал АИ-95 161 теңгеден сатылып жатыр.
Ерасыл Сағатов, көлік жүргізушісі:
-Таңертең келгенде 136 болды. Машинаны қыздырып отырмын, қарап қоямын. 3-4 сағаттың ішінде 5 теңгеге қымбаттап кетті. Шектен шыққандық бұл шынымды айтсам!
Жауаптылар отандық жанармайдың Ресейге арзан бағаға кетпеуі үшін оны көтеру қажет деген. Себебі, ол елде АИ-92 маркалы бензин анағұрлым қымбат екен. Бағаны теңестірмеген жағдайда Қазақстанда тапшылық болады деп дабыл қаққан еді олар.
Балғазы Бекмұханов, көлік жүргізушісі:
– Мұнай өзімізден, бензин өзімізден! Неге қымбат? Қысты күні жағасың ғой машинаны қыздырып, тоңбау үшін. Бензинді көп жейді. Қымбат бізге.
Мұның себебін шенеуніктер өздерінше түсіндіруге тырысуда. Біріншіден, елдегі мұнай өңдеу зауыттары толық күшпен жұмыс істеп жатқан жоқ. Сондықтан, жанармайдың көп бөлігі көрші Ресейден тасымалданады екен. Яғни, Қазақстанға жылына сырттан 1 млн 300 мың тонна бензин және 500 мың тонна дизель отыны кіргізіледі. Әрі, бензин мұнайдың емес, доллардың бағамына тәуелді дейді атқамінерлер. Ал, кәсіпкерлерге ойына келген бағаны қойғызбаймыз деп шенеуніктер сендіргенімен, жанармай құны әлі де көтерілуі мүмкін деп болжайды сарапшылар.
Сергей Смирнов, экономист:
-Бұл өз бензиніміздің жетіспеушілігіне байланысты. Оның орны Ресейден келетін жанармаймен толтырылады. Сондықтан баға үнемі өсе береді. Қазіргі жағдай да уақытша болуы мүмкін. Себебі, егін егу жұмыстары басталған сәтте тағы қымбатшылық басталады.
Еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауыты толық іске кіріскенде ғана тапшылық жойылады екен. Ал ондағы жөндеу жұмыстары әлі бір жылсыз бітпейтін түрі бар. Сондықтан, жиі өзгеретін бағаға үйреніп те қалған жүргізушілерге 2018-ші жылға дейін шыдауға тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!