Астанада Сириядағы соғысты тоқтату жайы тағы талқыланды
Бұл жолы қарулы оппозиция мен Сирия билігін бітімгершілікке шақыру үшін құрылған бірлескен жедел топ мүшелері бас қосты. Жиналғандар қаңтар айында өткен келіссөздерде қол жеткізген уағадаластықты іске асыруы тиіс. Бірақ оның оңай болмайтын түрі бар. Өйткені, оқ атпау талабын екі жақта бұзып отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
06.02.2017
-Бұл жолы қазақ жеріне Сирияның Үкімет мүшелері, не оппозициясы келген жоқ. 6 жылға созылған соғысты тоқтату бір күннің шаруасы емес. Астанадағы келіссөздерден кейін билік пен қарулы топтарды татуластыру үшін жедел топ құрылған болатын.
Сол топтың мүшелері бүгін құпия түрде кеңесіп жатыр. Жиынның басында ғана түсірілімге рұқсат етілді де, кейін есіктерін жауып алып сөйлесті. Ал бұл жолғы басқосу қымбат қонақ үйде емес, Ұлттық әскери-патриоттық орталықта өтті. Сириядағы сойқанды тоқтатуға кепілдік берген Ресей, Иран, Түркия, Біріккен ұлттар ұйымымен қатар отырысқа Иордания тарапы да қосылған. Олардың міндеті, оқ атпау туралы келісімнің орындалуын қадағалау. Келіссөздерде Мәскеудің ықпалы күшті. Өйткені, Башар Асадты қолдап отырған Кремльдің Таяу Шығыста өз геосаяси мүддесі бар.
Станислав Гаджимагомедов, РФ Қарулы күштерінің өкілі:
-Сириядағы соғысты тоқтатуға бағытталған келісімнің орындалуын, тиімді бақылау жүргізуді жайын қозғадық. Жәнекез-келген арандатушылықтың алдын алуды сөз еттік.
Иә, арандатушылардың айылын жимай отырғаны жасырын емес. Желтоқсан айының айының соңында Ресей, Иран мен Түркияның ықпалымен атысты тоқтатуға қол жеткізілген еді. Алайда,Үкімет әскері мен Асадтың биліктен кетуін талап еткен қарулы топтар сол келісімді жиі бұзып отыр. Бұған тараптар әдеттегідей бір-бірін айыптауда. Сонымен қатар оппозиция өздерін «Жабхат-ән-Нусра» террористік ұйымымен байланыстырып, билік әскерінің соққы жасауын доғаруды сұраған. Бірақ, екі тарап та райынан қайтар емес. Оның үстіне қаңтар айындағы келіссөздер барысында атысты тоқтату жайында нақты бір құжатқа қол да қойған жоқ.
Бүгін бірлескен жедел топта қандай бір тоқтамға келмеді. Бірақ тұрақты түрде кеңесіп тұрмақ. Кезекті отырыс та Астанада өтуі мүмкін. Оған оппозиция өкілдері мен Сирия билігі де қатысады деп күтіліп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!