Оралда көшелерді жарықтандыру жұмысы тұралап қалуы мүмкін
Бұлай деуге осы іспен айналысатын мекеменің 40 жұмысшының мәжбүрлі түрде ақысыз еңбек демалысына жіберілуі себеп. Жеке қолға өткен серіктестік басшылығы қыруар қарызды желеу етіп, осындай шешім қабылдапты.
Автор: Олжас Байжан
07.02.2017
«Жайық жарығы» серіктестігі негізінен қала көшелерін жарықтандыру, бағдаршамдарды реттеу және жол белгілерін орнатумен айналысады. Былтыр компания сатуға шығарылып, оның 51 пайызы жеке қолға өтіпті. Өзгерістен сол кезден басталған.
Мүсілім Дәулетов:
–Келгеніне бір жұма болды ғой, таныстырған жоқ, білмейміз. Кеше келді де кетесіңдер 2 айға дейді. Жиналыс ашып, 10 күн бұрын ескертіп айту керек қой. Басқа жұмыс қарауымыз керек. Кредит төлейтін банктер күтпейді , ақшасын сұрайды. Пәтер жалдаушылар көп арамызда.
Мұның алдында мекеме жалақыны да төлей алмаған екен. Енді қызметкерлерін тіпті ақысыз демалысқа жіберіп жатыр.
Армат Мадиятов:
– 22-желтоқсанда айлық берген. Одан бері 50 күн өтті. Үйдегілер бізге қарап отыр. Сондықтан шағымдануға тура келеді. Екі ай демалыңдар дейді, ал содан кейін жұмыс бола ма, жоқ па ол да белгісіз.
Ал директор байбалам салуға әлі ерте дейді. Сондықтан, компания 50 млн теңге қарызын біржақты қылғанша сабыр сақтауға шақырды.
Қайратқожа Қожамұратов, «Жайық Жарығы» ЖШС директоры:
-Мекеменің несиелік қарызы бастан асады. 120 жұмысшы бар. Әрқайсысына бала-шағасын бағу қажет. Бір амалын табамыз. Негізгі құрылтайшыдан қосымша қаржы сұраймыз.
Жергілікті шенеуніктер де жұмысшылардың мәселесін шешуге барынша көмектесуге уәде етті.
Мұхтар Дәулетжанов, «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
- Жұмысшылармен кездесіп, мәселелерін тыңдадық. Енді қалалық басшылықпен бірге шара қолданып, осы жағдайды бақылауда ұстаймыз.
Десе де, жұмысшылар уәде сол күйі қала ма деп алаңдайды. Себебі бастық та, партиядағылар да жұмыстың болатынын ашып айтып, кепілдік берген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!