Универсиадаға шетелден келген еріктілер Алматыдан алған әсерлерімен бөлісті
Осы дүбірлі додада 10 күннен бері арбаға таңылғандар да, жасы тоқсанға таяғандар да қызмет жасап жүр! Еріктілер қатарына шетелдіктер де, жерлестеріміз де жасына, жағдайына қарамай жаппай жазылған екен. Келген қонақтарды күтушілер таңнан қара кешке дейін қызмет қылып, тіпті жарыстың басында қонып қалып жүр.
Автор: Аруна Ортай
07.02.2017
Серік келген қонақтарды табалдырықтан тосып алады. Арбаға танылған жігіт ағылшын тілін жетік меңгерген. Сол себепті де меймандар оның маңайынан шықпайды. Қапылған жұртқа қол ұшын созған Серіктің өзі де – паралимпиада жүлдегері. Жарыс десе ішкен асын жерге қоятын оның универсиада басталғалы үй бетін көрмей жүргені сондықтан.
Серік Ісматов, ерікті:
- Америка, Британиядан келгемендермен сөйлесіп, жұмыс істеу маған қатты ұнайды. Бәрі үйіне кетеді, мен осында түнеймін. Ол үшін барлық жағдай бар.
Ағылшын Майкл Генри де Серік секілді жарыс басында қонып жүр. Ол еріктілердің ішіндегі ең үлкені. Жасы 87-де. Тоқсанға таяған азамат жарыстың кестесін қатесіз толтырып, спорт кешенінің ішінде шапқылап жүр.
Майклдың жұмысы таңғы алтыдан басталады. Өйткені осы уақытта шаңғышылар ояна бастайды екен. Қария жүйріктердің жоқ-жітігін түгендеп қана қоймай, оларды жігерлендіруді де ұмытпайды. Алматыны Англиясындай ұнатып қалған ақсақал, әсіресе, Алатауға құлай ғашық екен.
Майкл Генри Хил, ерікті: (Ұлыбритания)
-Шымбұлақтың ауасы Канада курорттарынан да шипалы. Мен талай табиғат аясында болдым, бірақ мұндағы таулардай көркем жерді көрген емеспін. Ауасын жұтып, жасарғандаймын.
-Спортшылар жарыстың соңғы күндерінде ар жақта жүлделер үшін жанталасып жарысып жатқанда, ал мұнда Универсиада меймандары мен қала тұрғындары бала-шағамен қосылып, өздерінше көңіл көтеруде.
Үйді-үйіне тарауына небәрі екі күні қалған еріктілер суретке түсуге кіріскен. Шетелдіктердің де жақын арада кеткісі жоқ секілді. Төрткүл дүниеден жиналған меймандар жарыстың жабылу салтанатынан соң да Алматыны асықпай аралаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!