Білім министрлігі оқушылардың ауыр сөмкесін жеңілдетудің жолын тапты
Ата-аналардың қарсылығынан соң министрлік енді мектепте арнайы шкафтар орнатпақ. Өзінің жеке сөресіне оқушылар кітап, аяқ киім мен спорттық киімдеріне дейін қалдыра алады. Министрлік үй тапсырмасының санын да қысқартпақшы. Десе де, бұл әзірге қағаз жүзіндегі бастама ғана.
Автор: Досжан Маратұлы
07.02.2017
Светлана Антонова 9 жасар қызының сөмкесін үнемі өзі арқалап жүреді. Өйткені, 3-ші сынып оқушысына ондаған кітапты алып жүру өте ауыр дейді. Оның үстіне, анасы Аринаның денсаулығына қатты алаңдайды. Айтуынша, ауыр салмақтың кесірінен омыртқасы қисық бітуі мүмкін.
Светлана Антонова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Бүгін қайта көп сабақ жоқ. Ал 5-6 сабақ болған күні сөмкені алып жүру қиын. Кітап, дәптер, пенал мен дене шынықтыру формасын қосқанда 10 келіге дейін тартады. Бұл сұмдық қой.
Сондықтан Светлана секілді көптеген ата-ана баласының сабақ оқып емес, кітап тасып шаршайтынын айтып, Білім министрлігіне шағымданған болатын. Енді ведомства биылдан бастап мектептерде арнайы шкафтар орнатпақшы. Әрбір оқушыға жеке сөре берілетіндіктен ұл-қыздар онда кітап, дәптер мен спорттық киімдеріне дейін қалдыра алады.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Жобаны мектеп директорларымен, СЭС мамандарымен және өрт сөндірушілермен ұзақ талқыладық. Мектепке сөре орнатсақ, көптеген мәселені шешеді. Соның ішінде оқушы сөмкесін жеңілдетуге көмектеседі.
Білім министрлігінің бастамасы іске аса, мектеп ішіне осындай сөрелер орнатылады. Әзірге оқушыларға арналған мұндай шкаф мақтаулы жеке меншік білім ордаларында ғана бар. Мәселен, «Нұрорда» лицейінің ұл-қыздары ауыр сөмке тасып қиналмайды. Өйткені кітаптарының бәрі осында. Үйіне тек қажеттісін алып кетеді.
Қорлан Өлібаева, бастауыш сынып мұғалімі:
-Қазіргі таңда балалар кішкене әлжуаздау ғой. Ал бізде балалардың денсаулығына үлкен мән беріледі. Тапсырмаларды орындау үшін мектептен үйіне бір-екі кітабын ғана алып кетеді. Баланың қалауына байланысты.
Ал, сөрелер мектептерге жергілікті әкімдіктердің бюджеті есебінен қойылуы тиіс. Әрі әрбір сыныпқа wi-fi орнату жоспарланып отыр.
Білім министрлігі оқушыларға үй тапсырмасын беруді де, біршама азайтпақшы. Өйткені, уақытының көп бөлігін соған жұмсайтын баланың басқа сабақтарға ынтасы төмендеп кеткен. Бұл оқу үлгерімінің нашарлауына әкеледі. Бірақ, министрлік үй тапсырмасын қалай кемітетінін ашып айтқан жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!