Ақтаудағы балабақшада бүлдіршіндерінің отбасында туберкулез бар балалармен оқитынын білген жұрт шатақ шығарды
Ақтауда балабақша бүлдіршіндерінің ата-аналары бүгін қалалық білім басқармасының басшылығымен кездестіруді талап етті. Бұған кездейсоқ мәлім болған жағымсыз жаңалық себеп. Балалары күнделікті барып жүрген мектепке дейінгі мекемеде бір жылдан артық шипажайлық топтар жұмыс істеп келіпті. Яғни, ол бүлдіршіндердің отбасында туберкулезге шалдыққандар бар екен. Енді жұрт өз перзенттері өкпе ауруын жұқтыруы мүмкін деп дабыл қағуда.
Автор: Олжас Байжан
08.02.2017
Қолдарына арыз ұстап, әкімдік табалдырығында тұрған ата-аналардың барлығы өз балаларының денсаулығы үшін алаңдаулы. Себебі, бөбектер баратын балабақшада екі шипажайлық топтың бар екенін біліпті. Олардың біріне келушілердің үйінде туберкулезге шалдыққан адам бар болса, екіншісінде Манту кері әсер ететін бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Басшылықтың осы жайтты айтпай келгеніне наразы жұрт топтардың жабылуын талап етуде.
Нұрзат Шоқанаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
–Санаторлы топ дегеніміз туберкулез ауруын жұқтырған немесе ауру қаупі бар балалар. Яғни онда 40 бала орналасқан.
Балабақша басшылығы бұл жайтты жасырмаған жоқпыз дейді. Тек ата-аналардың ешқайсысы осы туралы сұрамапты. Ал шипажайлық топтардың жәй топтармен қатар болуынан еш қауіп жоқ екен.
Рауан Бейішбаева, №23 балабақша меңгерушісі:
–Шығатын есігі, ойын алаңы болуы керек. Дәрігерлері бар балаларды қарайтын.
Анықталғанындай, бұл балабақшаның шипажайлық бағытта жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылдан асқан. Бірнеше жыл бұрын ол күрделі жөндеу жұмыстарына жабылып, қайта ашылған сәтте бала саны аз болып, сау бүлдіршіндер де қабылданыпты. Мұндағы дәрігерлер де балалардың денсаулығына еш қауіп жоқ екенін айтты.
Мақпал Еңсеева, №23 балабақша дәрігері:
- Кәдімгі дені сау балалар. Ешқашан ауру балалар жіберілмейді. Ауру балалар 9-12 ай облыстық тубдиспансерде емделеді. Содан кейін ғана оларды шығарады да үйлеріне жібереді.
Ақтауда туберкулезбен байланысы бар, мектеп жасына дейінгі 196 бала бар. Олар екі мекемеде тәрбиеленеді. Ал мұндай бүлдіршіндер балабақшаға қабылдануы үшін міндетті түрде тексеруден өтуі тиіс екен.
Сұлу Еламанова, Маңғыстау облыстық мектепке дейінгі тәрбие және оқыту орталығы директорының орынбасары:
-Туберкулезбен ауыратын ата-ананың баласы тексеруден өтіп, оларға арнайы білім беру орындарына жолдама беріледі. Белгілі бір уақыт өткен соң кезекті тексеру болып, қауіп жоқ болған жағдайда баланың қалаған балабақшаға баруына болады.
Қалалық білім басқармасындағылар ата-аналардың арызын қабылдап, 10 күн ішінде жауап беретінін жеткізді. Ал кей тұрғындар шипажайлық топтар жабылмайынша ұл-қыздарын үйде ұстауды жөн көріп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!