Атырауда көктайғақтан тайып қол аяғын сындырғандар ауруханаларға сыймай жатыр
Атыраулықтар көктайғақтан зардап шегіп жатыр. Алдыңғы күні жауған жаңбыр мен қардың арты іле-шала қатты аязға ұласып, салдарынан қала көшелеріне мұз қатқан. Бұл жағдай ақ халаттылар мен коммуналшылардың жұмысын күрт көбейтіп жіберді. Облыстық аурухана дәрігерлері бұрын тәулігіне 30-35 адамға қызмет көрсетсе, қазір күніне жүзге тарта адам көмек сұрап келіп жатыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
08.02.2017
Қаланың коммуналдық қызметіндегілер күні-түні тыным таппай, қала ішін қардан тазалап жатыр. Соған қарамастан Атырау мұз айдынына айналып барады.
Айнагүл Сабырова, Атырау қаласының тұрғыны:
-Сол күні жаңбыр жауды ғой таңда. Сол сырғанақтан құлап қалдым, бар күшіммен түстім. Бір аяғым, тобығыма салмақ түскен сияқты, содан ісіп кетті ...
Айнагүл секілді Атырау облыстық ауруханасындағы зақым-жарақат пунктіне көмек сұрап келушілер легі толастар емес. Екі тәулікте олардың саны 200-ге жуықтапты. Дәрігерлердің айтуынша, тайып, зақым алып жатқандардың дені – орта жастан асқандар. Ақ халаттылар жағдайы ауырларын ауруханаға қалдырып, аяқ-қолы шығып кеткендерге жедел көмек көрсетіп, қайтарып жатыр.
Асхат Бисенғалиев, Атырау облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі:
-Көбіне тобық, білек сүйектері сынғандар. Омыртқа, сонымен қатар ми шайқалуы көп кездесіп жатыр. Әдетте 35 науқастан қарап жүрміз, соңғы екі күннің ішінде күніне 80-нің үстінде науқас қарап жатырмыз.
Дәрігерлермен бірге коммуналдық қызметтегілердің де жұмысы күрт көбейген. Әуелі қала ішін телегей-теңізге айналдырған жауынмен алысқан олар енді қалың түскен қарды тазалап әлек. Бұл жұмыстарға 50-ге жуық техника мен 300-ден астам адам жұмылдырылыпты.
Қиямеден Шманов, «АрнаулыАвтоБаза» КМК басшысының орынбасары:
-Түнгі бірге дейін 60 адам жұмыс істеді. 1392 куб қар шығарылды.45 куб тұзды топырақ төселді қалаға.
Ауа-райының қолайсыз, жердің тайғақ болуы себепті жол апаттары да жиілепті. 2 тәулік ішінде осындай 20-ға жуық оқиға тіркеліп, бірнеше адам жарақат алған. Ал, синоптиктердің болжаушыларға сенсек, Атырау облысы бойынша аязды ауа-райы айдың ортасына дейін созылып, кейбір жерлерде температура –29-ға дейін төмендемек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!