{metadescription}
«Пара алма, пара берме». Жемқорлыққа қарсы агенттік осындай бастама көтерді
«Пара алма, пара берме». Жемқорлыққа қарсы агенттік осындай бастама көтерді

«Пара алма, пара берме». Жемқорлыққа қарсы агенттік осындай бастама көтерді

Жемқорлыққа қарсы агенттік азаматтарды пара беру әдетінен арылтудың жаңа жолын тапты. Ол үшін коммуналдық төлеммен бірге «пара алма, пара берме» деп жазылған буклеттер таратпақ. Сондай-ақ, бүгін агенттік төрағасы атышулы қылмыстық істерге байланысты тың деректерімен бөлісті. Бюджеттің миллиардтарын жымқырып, пара алудың жүйесін жасап алған министр мен топ-менеджерлердің былығын жайып салды. 

Жемқорлыққа қарсы агенттік шабақтарды қойып, шортандарды ұстауға кірістік дегенімен, ауызбастырық алып үйреніп қалғандар құнығуын қояр емес. Мәселен, былтыр үш мың шенеунік істі болған. Оның мыңға жуығы әкімдік қызметкері. Бұдан бөлек, қара тізімнің басында полицейлер, агрономдар мен қаржыгерлер тұр. Әсіресе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облысындағылар пара алудан алдына жан салмайды екен.

Алик Шпекбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  төрағасының орынбасары:

-Жемқорлыққа қатысты сотталғандардың 80 пайызы мемлекеттік қызметкерлер. Бірақ, бір де бір министр, не әкім ел алдына шығып, мәлімдеме жасаған жоқ.

Әсіресе, ұлттық холдингтерге бөлінген миллиардттар ханталапайға түсіп жатыр. Өйткені, мұндай ірі компаниялар мемлекеттік сатып алу бойынша тендерге қатыспайды. Ақшаны кімге беретінін бір адам, яғни,  басшының өзі шешеді. Мәселен,«Бәйтеректің» топ-менеджерлері мен бұрынғы ұлттық Экономика министрі Қуандық Бишімбаев заңның осы олқылығын пайдаланған деген күдікке ілініп отыр. Ал осы ашкөздіктің кесірінен қаншама адам арзан баспанадан қағылды. Балабақша мен мектептің құрылысы аяқталмай, төселген жолдың тесілуіне тек қалтасын қампайтуды ойлағандар кінәлі дейді Қожамжаров.

Қайрат Қожамжаров, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

-Есеп комитетінің екі аудиторы «ҚазақАвтоЖолдың» басшысынан ақша бопсалағаны үшін ұсталды. Кәсіпорын жетекшісі оларға ауызбастырық беру үшін аймақтардағы филиалдардың басшыларынанмиллиондап теңге жинаған. Өңірлердегілер болса, мол ақшаны жолды жөндеп жатқандардан талап еткен. Ал құрылыс компаниялары пара беру үшін ақшаны үнемдеп, сапасыз жол салады.

Қожамжаров енді ешкімді аямаймын деп отыр. Бұған дейін ұсақ- шенеуніктерді құрықтап келген агенттік, бұдан былай адамның лауазымы, атақ-даңқына қарамақ емес.

Қайрат Қожамжаров, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

-Мәселен, Жаманқұлов. Елге танымал халық әртісін айыпталушының рөлінде көремін деп кім ойлаған? Біз ол сомдаған фильмдерді көріп өстік. Енді оның кінәлі екенін дәлелдеп беруіміз керек.

Атқамінерлердің жүріс тұрысы да сын көтермейді. Сондықтан, олардың әр қадамы, тіпті, интернет парақшаларыңдағы әр сөзі қатаң бақылауға алынады. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жаңа әдіспен белгіленеді. Яғни маманның атқарған жұмысының нәтижесіне қарай ақша төленбек.

Ал, агенттік пара беруді тоқтату үшін адамдарды тәрбиелеудің тың  жолын тауыпты. Ол үшін арнайы ұран да дайындап қойған. Гонконгтың тәжірибесін пайдаланып, әр үйге коммуналдық есеп шотпен бірге «пара алма, пара берме» деп жазылған буклеттер таратпақ. Мұндай хат алдымен астаналықтарға, кейін еліміздің өзге аймақтарындағы тұрғындарға да жетеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.