Қысқы Универсиада өз мәресіне жетті
Екі аптадай уақытқа созылған Алатау бөктеріндегі студенттердің 28-ші ақ ойындары бүгін аяқталды. Ашылу салтанатын дүркіретіп өткізген универсиада ұйымдастырушылары «Алматы Арена» кешеніндегі жабылуды да ерекше етіп жасаған.
08.02.2017
28 қысқы универсиада ойындарын абыроймен өткізген Алматы қаласы эстафетаны Красноярскге табыстады. Дәл осы сәт салтанатты шараның негізгі бөлігі болды деуге болады. Себебі студенттер арасындағы қысқы жарыс енді екі жылдан кейін Ресейде өтетіні белгілі. Сондықтан олар да бүгінгі шараға өздерінше үлкен дайындықпен келіпті. Ресейдің танымал азаматтары мен әртістері а лматылық көрермендердің алдында өнер көрсетіп сән-салтанатпен универсиада жалауын өз елдеріне алып кетті.
Жалпы бұл жолғы жарыс біздің спортшылар үшін өте табысты болды деп ауыз толтырып айта аламыз. Өйткені спорттың 12 түрінен сынға түскен саңлақтарымыз 36медаль иеленді. Оның 11 алтын, 8 күміс және 17 қола. Атап өтерлік жәйт, бұл жолы биатлоншылар, шаңғышылар мен фристайлшылар үздік нәтиже көрсетті. Юлия Галышева, Дмитрий Рейхард, Галина Вишневская мен Анна Шевченколар қос-қостан медаль тағынып, жанкүйерлерді желпінтіп тастады. Ал соңғы жүлдені хоккейшілер қоржынға салды. Ақтық сында Ресеймен кездескен жігіттеріміз тартысты ойында тек бір шайба жіберіп, екінші орынды алып отыр. Жалпы, дүбірлі додада әлемнің 57 елінен келген екі мыңға тарта спортшы өзара бақ сынасқан болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!