Универсиада жүлдегерлеріне сыйақы ретінде 108 миллион берілмек
Универсиада жүлдегерлері қомақты сыйақы алады. Мәдениет және спорт министрлігі үздік үштікке ілінгендер мен бапкерлеріне 215 млн теңгені төлеуге дайын отыр.
Автор: Диас Нұрақын
09.02.2017
Атап айтқанда, алтынға - 4 миллион 900 мың, күміс жүлдеге 3 миллион 300 мың теңге, ал қола алғандарға 1 миллион 600 мың теңге беріледі. Осылайша 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медаль иеленген біздің спортшыларға барлығы 107 миллион 500 мың теңге төленбек. Дәл осындай қаржыны жеңіске жеткен спортшылардың жаттықтырушылары да алады. Сондай-ақ, универсиададан ең көп табыс тапқан спортшылардың да аты-жөндері белгілі. Бұл тізімде биатлоншы Галина Вишневская көш бастап тұр. Екі алтын және екі күміс алған ол барлығы 16 миллион төрт жүз мың теңге сыйақы алады. Ал бір өзі бес медаль тағынған шаңғышы Анна Шевченкоға 13 миллион теңге тиесілі. Одан кейін қос-қостан алтын алған фристайлшылар Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышевалар 9 миллион 800 мың теңгеден алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!