Назарбаев мұнай өндіруді арттыруға пәрмен берді
Қазақстан мұнайды өңдеу және оны өндіру көлемін еселеп көбейтпек. Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты Ақордаға шақыртып, қара алтынның қорын арттыруға пәрмен берді.
Автор: Жәудір Оразхан
09.02.2017
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Биылғы жылы үлкен-үлкен жобалар бар. Біріншіден, Қашаған жұмыс істей бастады. Екіншіден, Теңізді кеңейту жөнінде шешім қабылданды. Қарашығанақтың да мәселесі шешілді бір жағынан. Сондықтан мұнайдың өнімін көбейту, мұнайды өңдеуді қолға алу, үш мұнай өңдейтін зауытымыз жұмысқа кіру керек
Елбасы Энергетика министріне бұл міндетті дереу орындауды жүктеді. Өйткені қазір мұнайдың әлемдегі бағасы күн сайын көтеріліп жатыр. Соған сай экспорттан түсетін пайда да өседі. Осы жерде Бозымбаев жетістігін тізуді ұмытқан жоқ. Былтыр жоспарды асыра орындап, 78 миллион тонна мұнай өндірілгенін мақтана айтты. Жыл соңында ғана іске қосылған Қашағанның өзінен 1 миллион тонна қара алтын алынған екен. Бұған лайықты бағасын берген президент газ өндіруді дамытып, Балқаштағы Жылу электр станциясының құрылысын тездетуге тапсырма берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!