Алматы облысында тоқ үшін талас болып жатыр
Алматы облысының Жамбыл ауылында тұрғындар жеке қолдағы трансформатордан бас тартамыз деп бастары бәлеге қалды. Қымбат ақыдан құтылмақ болып, жұрт өздеріне бөлек трансформатор алған екен. Енді соны мемлекет балансына ауыстырамыз дегенде бір ай ішінде, әлдекімдер 4 мәрте бұзып, ақыры өртеп кеткен. Тұрғындар мұны майшелпектен айырылғысы келмеген ескі трансформатор иесінің ісі деп отыр. Сондықтан оны жазаға тартуды талап етуде.
Автор: Олжас Байжан
10.02.2017
Үйлерінде электр қуаты өшіп, салдарынан жылудан да қағылған жұрт бүгін ауылдағы орталық көшеге жиналып, мәселені біржақты етпек болды. Себебі, түн ортасында белгісіз біреулер 4 млн 300 мың теңгеге сатып алған жаңа трансформаторды өртеп жіберген. Осыған дейін жеке кәсіпкердің қымбат электр тоғын пайдаланған жамбылдықтар жуырда одан бас тартып, осы жаңасын алған екен. Сол-ақ екен, оқыс жағдай көбейіпті.
Тұрғындар қаскөйдің алыстан келмегеніне сенімді. 6 жыл бұрын жаңадан қоныс тепкен ауыл тұрғындары әкімдікке салмақ салмай, өз бетінше әр үйден 150 мың теңгеден трансформаторға және 67 мыңнан электр бағанасына жинапты. Солардың құжаттарын реттеймін деген келіншек осы дүниенің барлығын өз атына тіркеп алған екен. Сөйтіп, жұр жарық ақысын үстемемен төлеп келген. Енді пайдадан қағылғысы келмей, істеп отырғаны мынау дейді жамбылдықтар.
– Фатима мен Варварадан күдіктенеміз. Қаскелең, Жамбылдан келіп жақпайды ешкім. Нақты айғақ жоқ болғанымен күдігіміз бар. Содан басқа кімге керек бұл?
Ауыл тұрғындары да қарап қалған жоқ. Олар өз ақшасына алған бағаналардан кәсіпкердің тоқтарын ажыратып тастады. Жергілікті билік жеке кәсіпкердің ісіне араласа алмаймыз деп отыр. Ал мемлекет есебінен трансформатор мен электр желілерін жүргізуге мүмкіндік жоқ. Себебі, үйлер салынған жер телімдері қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған.
Ілияс Қалиев, Жамбыл ауылы әкімінің орынбасары:
–Трансформаторды мемлекет балансына өткізуден бас тартты. Содан кейін жер бөлініп, екінші трансформатор қойылды. Полиция қызметкерлері шықты, келді, барлық түсініктеме алу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда іс қарастырылуда.
–Ауылдағы электр желілері мемлекет балансына өтуі үшін тұрғындарға бірнеше құжаттарды жинап, қайтадан келісім-шарт жасауына тура келеді. Тәртіп сақшылары болса бір ай ішінде бірнеше рет өрт қойған қаскөйлерді іздестіруде. Жұрт кімнен күдіктенетінін айтса да, оның кінәсін көрсететін дәлелдер табылмай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!