Ақтауда 4 жасар өгей ұлын шыңғыртып сабайтын әйел көршілерін шошытты
Баласын сабаудан қолы босамайтын ақтаулық әйел өгей ұлынан құтыла алмай жүр. Дүрсілдеген соққыдан кішкентай бала күн сайын зар еңірейді екен. Қабырғаның арғы жағынан шығатын аянышты дауысқа көршілері шыдай алмай, ақыры полиция шақырған. Бұл іске қазір тәртіп сақшылары араласып, баланы бейімдеу орталығына әкетіпті. Ал өгей шешесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.02.2017
Бұл үйдің тұрғындары екі жылдан бері күн сайын зар еңірейтін кішкентай баланың даусына құлағы үйреніп кеткен. Дүрсілдеген соққы мен шырқыраған кішкентай баланың даусы қабырғаның арғы жағында отырған көршілеріне тыным бермейді екен.Бала әйелдің туған ұлы емес. Кішкентайдың басындағы қиын жағдайды ауладағы бүкіл тұрғындар біліп алған. Айтуларынша, өгей ұлынан әбден мезі болған әйел оны басқа біреудің қолына бергісі кеп жүр.
Нұржан Төлегенова, көршісі:
-Жүрген жерінде баласын жақсы қарай алатын басқа біреудің қолына бергісі келетінін айтып жүреді. Ол біреуге бере салатын күшік немесе мысық емес қой. Бір рет баспалдақпен көтеріліп бара жатып, баласын аяусыз сабап жатқанын өзім де көргем.
Тасбауыр әйелмен тілдесіп көрмекке тәртіп сақшылары да келген. Алайда, баласына жылы қабақ таныта алмаған жанның бұл кісілермен тілге келуі неғайбыл еді. Солай болды да. Өгей шеше ешкіммен тілдескісі келмеген күйі үйіне кіріп кетті. Есігін тақылдатып келген тәртіп сақшыларына да сыртқа шығып мән-жайды айтқысы келген жоқ. Сөзге көнбеген соң полиция баланы өгей шешесінен ақыры алып кетті.
Гүлмира Ысмайылова, Ақтау қалалық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі:
-Бала тергеу амалдары аяқталғанша бейімдеу орталығында қалдыру туралы шешім қабылданды.
Белгілі болғаны, баланың әкесі де ата-ана құқығынан айрылған адам екен. Ал әйелдің өзіне қатысты қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Егер көршілердің айтқаны дәлелденсе, енді бұл әйелді де ата-ана құқығынан айыру жазасы күтіп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!