Алматы тұрғындары сот ғимаратында наразылық білдірді
Жырға айналған жер дауы! Өздеріне берілген жер теліміне аяқ аттап баса алмай қалған Алматы тұрғындары бүгін тура қалалық сотта наразылық білдірді. Бұған жұрттың пайдасына шығарылған аудандық сот шешімінің бұзылуы себеп. Енді жылдар бойы жалғасып келе жатқан іс басынан қаралмақ. Ал Шұғыла ықшамауданындағы даулы жер телімінің қазіргі қожайындары жұртты аумаққа жолатар емес. Тіпті тұрғындардың қыруар ақшаға салған үйлерін шетінен қиратқан.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.02.2017
Жылдар бойы жерін даулап шаршаған тұрғындардың соңғы үміті қалалық сотта еді. Бірақ олар мұнда да жағымды жаңалық ести қоймады. Керісінше, бұған дейін шұғылалықтардың пайдасына шығарылған Наурызбай ауданы сотының шешімі бүгін бұзылды.
Мұратбек Есенғазы, Шұғыла ықшам ауданының тұрғыны:
- Халықты жылдар бойы сандалтып, әбден шаршатып отыр.Жер телімдерін іздеуді қояды, доғарады деген оймен осылай созып жатыр.
Сағызша созылып келе жатқан іс енді қайта қаралатын болыпты. Ал бұған ашынған тұрғындар тура сот ғимаратының ішінде айқайға басты.
- Біз шет елден келген жоқпыз ғой. Осы жердің адамымыз. Қарапайым халық немене сонда. Керек емес пе?!
Қараша сот жағалап жүргенде, таласқа түскен жерді қожайындар біріне-бірі сатуда. Ал жұртты онда аттап басқызбайды. Құжаттары түгел жер иелері 153 гектар аумақты толық қоршап, жан-жағына күзетшілер қойыпты. Тіпті, онда салынған тұрғындардың су жаңа баспаналарын қиратқан.Қираған үй үшін де көк тиын алмадық дейді жұрт. Ал қазір шұғылалықтар жан-жақта пәтер жалдап тұрып жатыр. Бас қайғыға айналған жер оларға кезінде кеңшардан пай ретінде берілген. Бастапқыда жұрт мұнда тып-тыныш өмір сүрген. Тек аумақ Алматы облысынан қалаға өткеннен кейін оған өзгелердің көзі түсіпті. Тұрғындардың қолында жердің өздеріне берілгенін растайтын құжаттары бар. Сондықтан бұрынғы кеңшар қызметкерлері жерімізді ешкімге оңайлықпен бермейміз деп отыр.
Мәкеш Төленова, Шұғыла ықшамауданының тұрғыны:
- Жоғарғы сотқа дейін барамыз, шетелдік сотқа дейін барамыз. Қалмаймыз. Тоқтамаймыз. Бара береміз, бара береміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!