Ақтөбе облысының тұрғыны ұлын өлтірген қылмыскерлерді таба алмаған полицейлердің сылбырлығына наразылық білдірді
Ақтөбе облысында 7 жасар оқушыны буындырып өлтірген қылмыскер тоғыз айдан бері табылар емес. Осы күнге дейін Саян Жақсылықтың өліміне қатысты ондаған сараптама жүргізілген. Бірақ оның ешбірі күдіктіні анықтауға септігін тигізе алмапты. Былтыр бірінші сыныпта оқитын ұлынан айырылған қаралы отбасы тәртіп сақшыларының әлі күнге дейінгі әрекетсіздігіне күйінеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.02.2017
Әйтеке би ауданындағы Милы ауылының тұрғыны Түлкібай Кенжебаев жалғыз ұлының келмеске кеткеніне көндіккен. Бірақ қандықол қылмыскердің өз ауылында тұрып жатқанына сенімді. Тоғыз ай бұрын сабаққа бара жатқан жерінен бірінші сыныпта оқитын Саян Жақсылықты біреу буындырып өлтіріп, денесін пакетке салған күйі туысқандарының қорасына лақтырып кетеді. Айналдырған қырық үйі бар Милыға сол күні сырттан ешкім келмеген. Азалы әке алақандай ғана ауылдан күдіктіні таба алмай отырған тәртіп сақшыларының қылығына күйінеді.
Түлкібай Кенжебаев, Саянның әкесі:
- Органның қызметкерлерінің әлсіздігі ме, сауатсыздығы ма? Басым жетпейді ешқандай. Қырық үй сонда. Мына қаладан қалай тауып алып жатыр бір миллион халық тұратын? Мен бүкіл облыстың бәрін шарлап болдым. Әкім біледі.ІІД бастығы біледі. Прокуратура бәрі біледі. Іс шешілмейді.
Қаралы отбасы тексерудің қалай жүргізіліп жатқанынан бейхабар. Олар құзырлы органдар құр сарапатама тағайындаумен шектеліп отыр дегенді айтады.
Шынар Кенжебаева, Саянның әпкесі:
-Жиырмадан астам сараптама тағайындалып жүргізілді бір іске. Жауаптарына ешқандай көңілім толмайды. Бәрінде бір жауап.. Бір өлімді ашуға қанша уақыт керек?
Істі тергеп жатқан ішкі істер депаратаментінің өкілдері тілшілермен де тілдесуге құлықсыз. Олар жолдаған тілімдей қағазға тексерудің бұрынғысынша жалғасып жатқаны ғана жазылған.
Ақтөбе облыстық ІІД:
-Тексеру кезінде куәгерлерден жауап алып, тінту жүргіздік. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Енді соның қортындысы бойынша қылмыстың нақты себептерін анықтаймыз.
Тәртіп сақшылары тергеудің қашанға дейін созылатыны және кімнен күдіктеніп отырғандары туралы жақ ашпаған. Өйткені оны құпия ұстап отыр. Әйтсе де, қаралы отбасы құзырлы орган түк шығара алмаса Милыдағы қырық үйді өздері аралап, заңсыз болса да ауылдастарын тергеуге аламыз деп бекінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!