{metadescription}
Солтүстік Қазақстанда үйі өртенген жас отбасыны әкімдік сотқа сүйреп жатыр
Солтүстік Қазақстанда үйі өртенген жас отбасыны әкімдік сотқа сүйреп жатыр

Солтүстік Қазақстанда үйі өртенген жас отбасыны әкімдік сотқа сүйреп жатыр

Хамзиндердің болашағы жоқ ауылдан қоныс аудару бағдарламасы бойынша Тайынша қаласынан алған баспанасы тұруға жарамсыз боп қалған. Үйінен айырылғаны былай тұрсын, енді олардан әкімдік тілсіз жаудан келген шығынды сот арқылы өндіріп алмақ. Хамзиндер өрттен алдын ала сақтанбағаны үшін кінәлі болып отыр.

Екі кештің ортасында шатырдың отқа оранғанын Шолпан даладан жүгіріп келген көршінің баласынан біліпті. Келіншек тек балаларын алып, сыртқа шығып үлгерген. Енді, міне, бес айдан бері қараусыз тұрған үйдегі қолға ұстайтын дүние ұры-қарының олжасына айналуда.

Бұл үйге жас отбасы азып-тозған Октябрьское ауылынан 3 жыл бұрын көшіп келіпті. Шенеуніктер жалдамалы үй береміз, жұмыспен қамтамасыз етеміз дегенде, Данияр мен Шолпан қуанған. Үш жыл алаңсыз өмірдің шырқын ақыры өрт бұзды. Енді, міне, жас отбасы аядай екі бөлмені айына 20 мың теңгеге жалдап отыр. Екеуі де жұмыссыз, отағасы көлігімен кісі тасып күн көреді. Жағдайын айтып, әкімдікке барған Шолпан мүйіз сұрап барып, құлағынан айырылған тоқал ешкінің кебін киіпті.

Шолпан Хамзина, Тайынша қаласының тұрғыны:

-Екі баламмен далада қалдым деп әкімдікке бардым. Тайыншада бос үй жоқ  деді. Қайта өртенген үйдің шығынын төлейсіңдер деп өзіме тап берді. Енді, міне, миллион теңгені мойнымызға ілгелі жатыр.

Өрт себебін анықтаған мамамандар қызыл жалын электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шықты депті. Осыны алға тартқан отбасы өртке біздің кінәміз жоқ дейді. Алайда сарапшылардың бұл тоқтамын біле тұра шенеуніктер шығынды сот арқылы өндірмекші. 

Татьяна Бондарь, Тайынша аудандық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

-Жалға алу келісім-шартында олар үйді күтіп ұстауы тиіс деген бап бар. Егер баспанадан бір кінәрат табылса, бізге дереу хабар берулері тиіс еді. Бірақ шағым түскен жоқ. Енді, бұл істің нүктесін сот қоюы тиіс

Болашағы жоқ ауылдардан халықты қоныс аударту бағдарламасы бойынша Тайынша ауданында 62 үй беріліпті. Әрқайсының құны 5 миллион теңге шамасында. Бірақ олардың бірде бірі сақтандырылмаған болып шықты. Ендеше қыс бойы пеш жағып, көктем сайын қызыл сумен алысатын бұл аймақта бір жағдай бола қалса, бар шығын әкімдікпен соттасатын тұрғындарға артылғалы тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде