Талдықорғанда саудагерлер бас көтерді
Жұрт орын ақысының еселеп өсуіне қарсы. Сондықтан, базар басшысы шешімін өзгертсін деген талап қойып отыр. Алайда ұлардай шулаған көптің мұнысынан түк шықпайтын тәрізді. Өйткені, базар директоры райынан қайтатын емес.
Автор: Руслан Әбдіхалық
16.02.2017
Елуге жуық саудагер базар басшысымен ашық айқасқа шыққан тәрізді. Орын ақысы негізсіз өсті деген көпшілік тарифті бұрынғыша қалдыруды талап етуде. Айтуларынша, онсыз да сауда жүрмейтін қаңтар, ақпан айларында бұл шешім жығылған үстіне жұдырық болған.
Жеңіскүл Керімбаева, саудагер:
-Арендатор не үшін орын ақысын көтеріп жатқанын түсінбей жатырмыз. Сауда жоқ кезде 100, 150 пайыз. Ақша аспаннан жауып жатқан жоқ қой. Елдер қанмен, термен тауып жатыр. Қыста суықта отырамыз, жазда ыстықта. Аренданы бұрынғы күйінде қалдырсын.
Баға көтерілсе банкрот боламыз деген саудагерлер, базарда жағдайдың мүлдеп жоқтығын да айтып отыр. Жауынды күндері төбеден су ағып, ал қыста аяқтан суық өтеді екен. Қолайсыздық кесірінен клиенттер де көп келмейді. Осы жайттарды біле тұра басшысының орын пұлды көтеруі ақылға қонымсыз дейді кәсіпкерлер.
Әлия Тәжиева, саудагер:
-Бізде қаңтар, ақпанда мүлдем сауда жоқ. Өз ақшамызбен төлеп жатырмыз. Қайдан тапсақ та, осы аренданы өзіміз төлеп жатырмыз. Ешқандай жағдай жоқ, мұздың үстінде тұрамыз.
Айғайға басқан елді сауда орталығының басшысы жеке қабылдауға келіскенімен, кейін бәрін кабинетінен қуып шықты. Айтуынша, жалға алу құнының өсуіне қаржылық қиындықтар себеп. Яғни фирмада теңге тапшы. Ал тығырықтан шығу үшін орын құнын көтеруге мәжбүр екен.
Серік Құлжабеков, базар директоры:
-Аренда осылай қалады. Егер ұнамаса, көтере алмаса төлем ақысын, онда орындарды босатуын сұраймыз.
Дегенмен, кәсіпкерлер бел кеткенше беріспек емес. Базар басшысының талабы орынсыз деген саудагерлер енді оны сотқа беруге қамданып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!