Астана тұрғындары Әсет Исекешовке күйі кеткен ауылдарды жаяу аралауға кеңес берді
Бүгін Елорда әкімі кабинетінен шығып, халықпен бетпе-бет кездесті. Оңтайлы сәтті пайдаланған бас қаланың басшысына жұрт жеке мәселелерін жаудыртып, сұрақтың астына алды. Кейін оның тез шешілмесін білген адамдар, Исекешовтен жолды жөндеп, мектеп, балабақша мен перзентханаларды көптеп салуды сұрады.
Автор: Досжан Маратұлы
16.02.2017
-Астана әкімі болғалы 8 ай ішінде Әсет Исекешев бүгін халық алдында алғашқы рет есеп берді. Әдетте, интернетте белсенді ол, жұртпен бет-бет кездесіп, бас қаланың түйткілдерін ашық айтуға тырысты.
Бірақ, елордалықтарды әкімнің есебінен гөрі бас пайдасы көбірек толғандырғандай. Исекешов баяндамасын аяқтағаны сол еді, сұрақ қарша борады. Биыл да көбі баспана мен жер сұрай келіпті. Бірақ жеке басының қамын ойлағандардың арасында елдің сөзін сөйлегендер де табылды. Мәселен мына кісі әкімді қызметтік кабинетінен шығып, ауылдарды аралауға кеңес берді.
-Халыққа жақынболу үшін әкім аяғына резеңке етікті киіп алып, халықты аралап кездесіп тұру керек. Ал ондай сендерде жоқ. Қағаз бойынша бәрін айтып-айтып шықтыңыздар. Бұл дұрыс емес қой.
Сынға қала басшысы тосылмады. Резеңке етікпен ауыл аралаймын демесе де, мәселені шешуге уәде етті.
Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:
-Шет аймақтарда өзекті екі мәселе бар. Біреуі жолдар, екіншісі жарықтандыру. Сондықтан біз ақша бөліп, екі мәселені шешеміз. Осы жылы, келесі жылы.
Баспана мен жер сұраушылардың беті қайтқан соң жұрт мектеп, балабақша мен перзентханалардың аздығын алға тартты. Астаналықтар әсіресе, перинаталды орталықтардан орын таппай әбден мезі болған.
-Толғағы қысқан келіншектер тастың үстінде жатады. Ал босанған кезде еденге жатқыза салады. Бұл Астана ғой. Ұят емес пе?
Перзентханалардан бөлек, отбасылар ұл-қыздарын бақшаға бере алмай зар. Қазір мектепке дейінгі мекемеге 33 мыңнан астам бала кезекте тұр. Әділ болу үшін, кезекке тұру енді онлайнға ауысады. Яғни, әркім балабақшадағы орнын интернет арқылы тікелей бақылай алады.
Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:
-Биыл тағы 33 балабақша іске қосылады. Ал, 2020 жылға дейін 138 жеке меншік балабақша ашамыз. Одан кейін кезекте тұрған бала қалмауы тиіс.
Кісі есігінде күнелтіп жүргендердің жайы да айтылмай қалмады. Қазіргі таңда пәтер кезегінде 40 мың адам тұр. Бұны да, бірте-бірте шешеміз деген Астана әкімі жолдарды жаппай жөндеп, көлік кептелісінен құтқаруға уәде берді. Әрі жаңадан бірнеше мектеп салынып, ауруханалардағы кезекті де азайтпақ.
Айтпақшы, мамыр айынан бастап Елордаға кіретін жолдар ақылы болмайды. Халықтың наразылығынан соң әкімдік бұл бастамадан бас тартқан. Ал 3 сағат бойы жауаптан сүрінбеген Исекешев, сауал қойып үлгермегендерді жеке қабылдаймын деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!