{metadescription}
Елжан Біртанов медициналық сақтандыру қорының қызметін насихаттауға кірісті
Елжан Біртанов медициналық сақтандыру қорының қызметін насихаттауға кірісті

Елжан Біртанов медициналық сақтандыру қорының қызметін насихаттауға кірісті

Үнемі шегеріліп келген міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысын министрдің өзі насихаттауға кірісті. Алматыға келген Елжан Біртанов жарналардың қалай алынып, қайда сақталып, азаматтардың қандай мүмкіндікке ие болатындығын  жұртқа түсіндірді. Яғни, 1-ші шілдеден бастап жұмысы барлар мен жұмыс берушілер қорға ақша аударса, әлеуметтік қорғалмаған жандар үшін мемлекет келесі жылдан бастап ақша құймақ. Осының арқасында азаматтарымыз елдегі кез-келген емдеу мекемесінде тегін ем қабылдау мүмкіндігіне ие болады дейді шенеуніктер.

Қызметі өзгергенімен бұрынғы ісін жалғастырып жатқан жаңа Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін халыққа түсіндіруді өзі бастады. Осыдан екі жыл бұрын заңмен бекітілсе де, созбаққа салынып келген жоба енді 4 айдан кейін жүзеге асырыла бастамақ. Яғни 1-ші шілдеден бастап жұмыс берушілер әр қызметкері үшін жалақының 2 пайызын, ал қызметкердің өзі табысының 1 пайызын қорға аударуға міндетті.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

–Компания басшысы болсын, жай жұмысшы болсын барлық азаматтарға бірдей жеңілдік  беріледі. Міндетті медициналық сақтандыру барлық азаматтарға бірдей болады. Бірақ ерекше медициналық қызмет, палата аламын десе, әрине өзі сатып алу мүмкіндігі бар.

Ал жұмыссыздар, балалар мен зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүгедектер мен ардагерлер және өзге де әлеуметтік аз қорғалған жандарға жарнаны мемлекет құяды. Оның көлемі - ең төменгі жалақының 4 пайызы. Әрі келесі жылдан басталады. 

Елена Бахмутова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ төрайымы:

-Экономика министрлігінің 2019 жылға жасаған болжамынша, мемлекет әрбір адам үшін жылына 68 мың 878 теңге құяды. Жұмыс берушілер әрбір жұмысшы үшін 28 мың 748 теңге, ал қызметкердің өзі 19 мың 165 теңгені қорға аударады. Қазір дәрігерге тексерілу үшін жұмсайтын ақшаны есептесек, бұдан әлдеқайда көп.

Сақтандырылған азамат жеке электрондық кабинеті арқылы көрсетілетін медициналық қызмет, денсаулық жағдайы мен ақылы жарналарды көре алады. Сондай-ақ, қордан бөлінетін қаржының тек мақсатты түрде жұмсалуы жіті қадағаланбақ. Талап бұзылған жағдайда емхана ақшадан қағылады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Барлығы стандарт бойынша болуы керек, апендицит болған кезде басына томография жасау, әрине, дұрыс емес. Ондай жағдайда қор ақша төлемейді.

Жарна түскеннен бастап азаматтар үшін алғашқы медициналық көмек, күндізгі күтім, профилактика, диагностика, жүктілік кезеңін бақылау тегін. Сондай-ақ, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған. Дәрігердің рецепті бойынша 47 ауруды емдеуге тегін дәрі берілмек.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өз-өзін қаржыландырып, небәрі жарты жыл ішінде 400 млрд теңге жинайды деген болжам бар. Бірақ бұл Денсаулық сақтау саласына бюджеттен бөлінетін ақша азаяды деген сөз емес. Себебі, мемлекет жарнадан босатылғандар үшін ақша аударуды өз мойнына алған. Жүйе 2024 жылға қарай толығымен жүзеге асырылып, дәрігерлердің жалақысы, сәйкесінше көрсетілетін қызмет сапасы мен бәсекелестік те артпақ. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде