Ақтөбе облысында ресейлік инвестор жұмысшылардың жалақысын төлемей қашып кетті
Ақтөбе облысында ресейлік инвестор жұмысшылардың жарты жылдық жалақысын төлемей қашып кеткен. Хромтауда шахта салумен айналысатындар енді ақшаны кімнен дауларын білмей сенделіп жүр. «Шафт Синкерс» компаниясы Африка мен Ресейде танымал. Инвестиция саламыз деп келгенде қатты қуанған жергілікті билік, көрші ел бизнесмендерінің бұл қылығын түсінбей отыр. Енді, атқамінерлер амалдың жоқтығынан жұмысшылардың айлығын құрылыстан қалған қондырғыларды сатып, өндіруге бекініпті.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.02.2017
Бұрын таң атысымен шахтаға асығатын бұл жұмысшылар енді күн сайын құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырумен жүр. Өйткені Хромтауға кен өндіретін шахта салуға екі жыл бұрын Ресейден келген «Шафт Синкерс» компаниясының басшылары, оларды соңғы жарты жылда айлықсыз жұмыс істетіп, ақыры тақырға отырғызып кеткен.
Дәурен Қорғанбеков, Хромтау қаласының тұрғыны:
-Қашатын адам қашып кетті. Қайда қарады? Прокуратура біледі. Ақтөбе біледі. Хромтау біледі. Жібермейміз деп шекарадан өткізіп жіберді. Кредит бар, бала-шаға бар. Бәрі тұр. Жұмыс жоқ. Әлі жүрміз.
Қашып кеткен ресейлік кәсіпкерді іздеуге еңбек инспекциясы да қауқарсыз. Сондықтан олар шахтадағы құрылысы басында қалған дүние-мүлікті сатып, жұмысшылардың айлығын өндіруге бекінген.
Бауыржан Оразаев, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары:
- «Шафт Синкерс» серіктестігі бар мүліктерін сатады. Содан түскен ақшамен бережақты жабамыз деген ойымыз бар.
Ресейден инвестор келгенде бөркін аспанға атқан жергілікті билік те оларға ештеме істей алмай отыр. Тек екі қолға бір күрек таба алмай қалған хромтаулық қырық адамды жұмыспен қамтуға уәде берді.
Жайнагүл Әшірбекова, Хромтау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
-Ал жұмыс іздейтін жағы болса, жолығуға болады. Бар мүмкіндігімізше жұмысқа орналастырамыз.
«Шафт Синкерс» комапниясының жұмысшылар алдындағы қарызы 200 миллион теңгеге жақын. Онда жүз қаралы адам еңбек етіпті. Тең жартысы Ресейден ере келген. Олар да жарты жылдық жалақысыз тентіреп қалды. Енді инвесторлардың құрылыс басында тастап кеткен құрылғыларын сатқанымен, ол ақша айлыққа жете ме, жоқ па белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!