Павлодарда полицейлер мінген көлікке соққан Камаз жүргізушісі өз болжамын айтты
Павлодарда өз басын қатерге тігіп, 18 оқушыны ажалдан аман алып қалған полиция қызметкері есін жиды. 34 жастағы Мұрат Нұрсейітовтің жағдайы үшін жақындарымен алаңдап отыр. Оқушылар толы автобусты шахматтан жарыс өтетін облыс орталығына дейін шығарып салып келе жатқан полиция экипажы өткен жұма күні Павлодар-Екібастұз тас жолында апатқа ұшыраған болатын. Мектеп автобусымен бетпе-бет келген жүк көлігіне тосқауыл болған олар осылайша апаттың алдын алған еді.
Автор: Әйгерім Шакаманова
20.02.2017
Үш күн бұрын болған жол апатынан ауыр жараланған Мұрат Нұрсейітов есін енді жиды. Қол-аяғы сынып, миы шайқалған полицейдің ішкі мүшелері де зақымданыпты.
Кеңес Ақылжанов, Павлодар қалалық №1 аурухананың бөлім меңгерушісі:
- Аяғы сынған сан сүйегі. Сол кеуде жағы соғылған, жарақаты бар. Бас жарақаты бар. Қазір ем шаралары өткізілді. Бүгінгі жағдайы жалпы ауыр.
Ал үш тәуліктен бері жансақтау бөлімінің есігін күзеткен полицейдің жары Әсел Нұрсейітованың ішке кіруіне бүгін ғана рұқсат берілді. 16 жыл отасқан ерлі-зайыптылардың кәмелет жасына толмаған екі ұлы бар. Ал жол апаты туралы хабарды отбасына Мұратпен бірге көлік ішінде болған әріптесі – Баянбек Жүнісовтің өзі жеткізіпті.
Әсел Нұрсейітова, Мұрат Нұрсейітовтің жұбайы:
-Бас кезінде естіген кезде мән берген жоқпын. Өйткені апат деген сөзді жиі естиміз. Содан кейін енді өзіне хабарлассам, телефонын көтермеді. Сол кезде сездім мен бір қиын жағдай болғанын.
Жол апаты жұма күні Павлодар-Екібастұз тас жолында болған. Оқушыларға лық толы автобусты облыс орталығына дейін шығарып салып келе жатқан полиция экипажы кенет қарсы бағыттағы жолға шығып кетіп, мектеп автобусымен бетпе-бет келген жүк көлігіне тосқауыл қойып, апаттың алдын алған еді. Ал апаттан зардап шеккен полицейдің халін сұрауға келген КамАЗ жүргізушісінің өз айтары бар екен.
Қуаныш Нұрғазин, жүк көлігінің жүргізушісі:
-Мені бір көлік басып озбақ болды. Бір кезде тежегішін басты. Менде бастым. Содан мен қарама-қарсы бетке шығып кеттім. Қарсы бағыттан көлік көрмедім.
Ал жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғаған полицейлер қазір сотқа дейінгі тергеу ісін бастаған. Ақ халаттылар болса өңірде күн ашылса Мұрат Нұрсейітовтің арнайы ұшақпен Астанаға жеткізіліп, сонда ем-дом алатынын айтты.
Ал жол апатынан аман қалған баянауылдық оқушылар шахматтан өткен турнирде топ жарып, қазір үйлеріне оралған. Олардың өміріне араша болған екі полицейге жергілікті кәсіпкерлердің бірі 5 миллион теңгеден қаржылай көмек беріпті. Қызметкерлерінің ерлігін ескерген ІІД болса, енді қос полицейді «Ерлігі үшін» марапатына ұсынамыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!