Зейнетақы қорынан тағы 50 миллиард теңге алынуы мүмкін
Жұрттың кәрілікке деп жиған қаржысы тағы миллиардтап айналысқа түскелі жатыр. Бұл жолы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 50 миллард теңге теміржол саласын қолдау мақсатында бөлінбек. Қыруар қаржы машина жасау саласына жұмсалады деп жоспарланған.
Автор: Олжас Байжан
21.02.2017
Үкімет осылайша жүк вагондарының жетіспеушілігін жоймақшы. Ондағылар шамамен 3 мың вагон шығаруды көздеп отыр. Зейнетақы қорындағы ақшаны инвестициялау жайлы шешімді Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе отырып қабылдаған. Заң бойынша қордағы қаржы тек кейін пайда әкелетін қаржы ұйымдарына құйылуы керек. Соған қарағанда, Министрлер кабинеті ақшаға жауапты Ұлттық банкті 50 миллиардтың еселеп қайтатынына сендірсе керек.
Альберт Рау, ҚР Инвестиция және даму министрінің орынбасары:
-Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 50 млрд теңге, сонымен қатар зауыттардан шамамен 12 млрд теңге алынып, 3 мың вагон жасалады. Осының арқасында біз Қытай мен Еуропаны вагондармен қамтамасыз ете аламыз. Әрине, мемлекет бұған судсидия бөледі. Себебі несие ретінде алынса бизнестің құрдымға кететіні сөзсіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!