{metadescription}
 Астана іргесіндегі ауыл тұрғындары қар құрсауында қалып қойды
 Астана іргесіндегі ауыл тұрғындары қар құрсауында қалып қойды

Астана іргесіндегі ауыл тұрғындары қар құрсауында қалып қойды

Елімізде ақтүтек боранға қарамастан жолға шыққан жүздеген адам қар құрсауында қалып қойды. Онға жуық облыстағы күре жолда қозғалыс мүлдем тоқтап тұр. Ескертуді елемей, далада қалғандарға техника мен құтқарушылар жете алмай жатыр. Қалың қар аймақ тұрмақ, Астана іргесіндегі ауылдармен де қатынасты үзді. Көбінде азық-түлік те  таусылған.

-Қар құрсауында қалған Қызылсуатқа қазір кіріп-шығу мүлдем мүмкін емес. Ауылдың ішіндегі жолдың бәрі жабылып қалған. Оның үстіне ақтүтек бораннан түк көрінбейді. Сондықтан ауыл тұрғындары бірнеше күннен бері үйлерінен шыға алмай отыр.

Ауылдың басындағы мына бірінші көшенің тұрғындары әупірімдеп жүріп далаға шыққан. Сөйтіп 2 шақырым жердегі Астанаға алып баратын тас жолға жетіп, өткен-кеткеннен көмек сұрап жүр. 3 мыңға тарта түтіні бар ауыл іші төбе-төбе қардан көрінбейді. Жол жоқ. Тәуекел еткен жүргізушілер көліктерімен қарға батып қалып жатыр. 

Қардың құрсауында қалған Қызылсуат Астанадан небары 8 шақырым жерде. Сондықтан мұндағы тұрғындардың көбі Елордаға қатынап жұмыс істейді. Бірақ, бораннан көз ашпаған жұрт үш күннен бері жұмысқа бармаған. Балалар да мектеп, балабақшадан қалып отыр. Ал ауру-сырқаулардың жағдайы тіпті қиын.

Шыңғыс Қабашов, Қызылсуат ауылының тұрғыны:

-Ауылға нан, басқа азық-түлік келмей жатыр. Дүкендер жабық. Ауылдағы 500 адам жұмысқа шықпай қалса, ертең жұмыссыз қалады.

Әкімдіктегілер болса, ауыл ішін қардан аршуға асығар емес деп ашынады тұрғындар.

Гүлсара Кеңесбаева, Қызылсуат ауылының тұрғыны:

-Жыл сайын өзіміз жолды тазалап алатынбыз. Биыл әкім: ақша бөлінді, енді қиналмайсыңдар деп еді, уәдесін орындамады. Бала-шағамыз аш отыр.

Қызылсуаттан бөлек Елорда түбіндегі Александровка ауылында да жол жоқ. Үйлермен қоса көліктер де қарға көміліп қалған. Ал боранның қашан басылатыны белгісіз. Төтенше жағдай қызметі Астана мен Ақмола облысында желдің күшейуіне байланысты тағы ескерту жасады. Бұдан бөлек, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Қостанай сынды 8 облыста жол жабық. Бірақ тұрғындар мұндай ескертуге қарамастан жолға шығуын доғарар емес. Құтқарушылар бір тәулікте 700-ден астам адамды қар құрсауынан құтқарып алыпты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде