Оңтүстіктегі Атакент ауылында тасқын толастамай тұр
Оңтүстіктегі қызыл су шайған Мақтарал ауданында жағдай әлі ушығып тұр. Төтенше жағдай өкілдері Жетісай, Ырысты мен Асық ата секілді ауылдардағы суды құрғатып үлгерсе, Атакент ауылынан үш күннен бері су кетер емес. Мұнда тіпті, қора-қопсы құлап, балалар мектепке барудан да қалған. Дегенмен оқиға орнында жүрген облыс басшылары төтенше жағдай жариялаудың қажеті жоқ деп отыр.
Автор: Бек Әбиев
21.02.2017
Іргетасын су шайып қопарылған қоралар, шайқалған шарбақтар, Атакент ауылының қазір үйреншікті көрініске айналған. Жыл сайын ақпан-наурыз айларында ауылды онсыз да әбігерге түсіретін қар суы, Атакент іргесіндегі мақта егістіктеріне мөлшерден көп жіберілген шайма сумен қосылған. Салдарынан, бөгеттерден асып, ауылға жайылған.
Баспанасын су басып, үйінен безуге мәжбүр болған отбасылар оннан асады. Енді туған-туысы мен көршілерін жағалап, жарамды заттарын тасып әуре.
-Резіңке етік Атакент тұрғындары үшін сән емес, қажеттілік. Мұнсыз қызыл су басқан ауылда жүріп тұру мүмкін емес. Және мынадай қолдан жасалған көпірлер бұл ауылда үйреншікті көрініс. Үй мен көше арасын қазір осы көпірлер ғана жалғап тұр.
Балаларын мектепке де жібере алмай отырған жұрт су ауылға келе бастағанда әкімдікке хабарлапты. Бірақ ондағылар екі күн кешігіп жеткен. Енді тайлы-тұяғы қалмай техникамен суды сорып әбігерленіп жүр. Осы салғырттыққа ызаланған жұрт, сол жерде жүрген өңір басшысының орынбасарына дүрсе қоя берді.
-Халық болмаса қайдан бастық боласың сен?
-Сіз ондайды қойыңыз. Бұл жерде су шаруашылығы дұрыстап жөнге келсін, су тораптары жұмыс істесін.
Жұрт назын біраз тыңдаған басшылар енді талай жылдан істемей тұрған дренаждарды 5 жылда толық түзетеміз деп уәде беріп құтылды.
Жақып Бөкенбаев, ОҚО әкімінің орынбасары;
-Біз облыстан жібердік. Осы техниканың бәрі жұмыстарды істеп жатыр. Қазіргі судың деңгейі ешқандай қауіпті жағдай жоқ. Жағдай тұрақты.
Белгілі болғаны, үйіне зақым келгендерге бюджеттен өтемақы төленбейді. Бірақ, шенеуні кәсіпкерлер есебінен көмектесеміз деп уәде етті. Шұғыл құрылған комиссия қазір шығын көлемін есептеп, жергілікті әкімдіктен су шаруашылықтарына дейін тексеруді бастап кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!