Көксай шатқалында 7 сарбаздың өмірін жалмаған қар көшкініне қатысты жаңа дерек айтылды
7 сарбаздың өмірін жалмаған Көксай шатқалындағы осы апатқа қатысты құрылған комиссия бүгін алғашқа болжамдарын да айтты. Қайғылы жағдайға ауа-райы кінәлі дейді Қорғаныс министрі. Яғни, "Қазгидромет" пен Төтенше жағдайлар комитеті қар көшкіні жүруі мүмкін деп ескертпепті. Бірақ бұл жауапкершіліктен бәрі құтылды деген сөз емес. Сәкен Жасұзақов, марқұм сарбаздар қызмет еткен полк командирі мен штаб бастығының жұмыстан шеттетілгенін мәлімдеді.
Автор: Досжан Маратұлы
21.02.2017
-Жамбыл облысында үш күн бойы тексеріс жүргізген Үкіметтік комиссия бүгін алғашқы қортындыларын жария етті. Марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, ажалдан аман қалғандармен жолығып қайтқан комиссия, қайғылы оқиғағаның себеп-салдарын да анықтапты.
Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов сарбаздарды қар көшкінінің басып қалуына ара райы себеп болған дейді. Яғни, сол қаралы күні қалың қар жауып, арты жаңбырға ұласқан. Ал, әскери бөлімге "Қазгидромет" пен Төтенше жағдайлар комитеті, қар көшкіні туралы ескертпеген дейді Жасұзақов.
Сәкен Жасұзақов, ҚР Қорғаныс министрі:
-Қар көшкінінің қаупі туралы Төтенше жағдай комитеті мен "Қазгидромет" хабарлаған жоқ. Тек, жауын-шашын болатынын ескертті.Бұл істің анық-қанығы тергеу кезінде әлі анықталады деп ойлаймын.
Қорғаныс министрінің бұл сөзінен Төтенше жағдайлар комитеті үндемей қалмады. Айтуларынша, Көксай шатқалының маңында елді мекендер болмаған соң, қар көшкінінің қауіпі туралы ескертпеген. Десе де, Қорғаныс министрі осы төтенше жағдайдан кейін, басы дауға қалған бөлім басшысы мен шбат бастығын жұмыстан босатыпты. Ал, марқұмдарға қайғырып көңіл айтқан премьер-министр істі қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бақытжан Сағынтаев марқұмдардың туысына көмек дер кезінде көрсетілуі тиіс деді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:
-Сәкен Әділханұлы, Үкіметтік комиссияның барысы туралы жүйелі түрде баяндап отырыңыз. Ақпарат құралдарына мағлұмат беріп отырыңыз. Айдың күннің аманында 7 бірдей арысымыздан айырылып қалдық. Өкінішті. Қайғылы жағдай. Сол себепті қажетті көмектің бәрі қайтыс болғандардың отбасыларына және жарақат алғандардың бәріне көрсетілетін болсын.
Қорғаныс министрінің айтуынша, №91-678 әскери бөлімінің құрылғанына 14 жылдан асыпты. Осы уақыт бойы қорықшылық полк Көксай шатқалында қысы жазы жаттығу өткізіп келген екен. Тек, осы жолы кенеттен табиғи апат болып, сарбаздар қар көшкінінің астында қалып отыр. Ал, Жамбыл облысындағы ауқымды тексеріс әлі жалғасуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!