Назарбаев Көксай шатқалында қаза тапқан сарбаздардың туыстарына қаржылай көмек көрсетуді тапсырды
Қар көшкінінің астында қалып қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына 7 миллион теңгеге дейін материалдық көмек көрсетіледі. Бүгін Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында осындай тапсырма берген президент жаттығу кезінде ажал құшқан әскерилердің туыстарына көңіл айтты.
Автор: Ербол Сейілхан
21.02.2017
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Жауынгерлік борыштарын ақтау кезінде қазаға ұшыраған әскери қызметкерлердің ата-аналарына туысқандарына өз атымнан Қазақстан азаматтарының атынан көңіл айтып, қайғысына ортақ екенімді білдіремін. Сіздердің ұлдарыңыз әскери борышын абыроймен өтеген нағыз отаншыл азаматтар болды.
Жамбыл облысындағы Көксай шатқалында болған қайғылы оқиғаның себеп-салдарын үкіметтік комиссия анықтап жатыр. Бас әскери прокуратураның «қызметіне салғырт қарады» деген бап бойынша қылмыстық іс те қозғағаны белгілі. Қазір тергеушілер №91678 әскери бөлімінің басшылары мен тірі қалған сарбаздардан жауап алып, олардың қолайсыз ауа райы кезінде неліктен жаттығуға шыққанын тексеруде. Айта кетсек,17-ші ақпанда тау басына шығып дайындығын шыңдамақ болған 23 жауынгерді қар көшкіні басып қалған еді. Олардың жетеуі қаза тапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!