Атырау облысында полицейлерден көңілі қалған жұрт барымташыларды өздері ұстауға мәжбүр
Атырау облысында тұрғындар барымташылардың тым еркінсіп кеткенін айтып, дабыл қақты. Доссор кенті тұрғындарының айтуынша, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасымен алған жылқыларын ұрылар айдап әкетіп, тыныштық берер емес. Тіпті түнімен кезектесіп, мал күзетіне шығатын болған. Ал полиция шара қолдануға асықпайтын көрінеді. Тіпті малдың ұрланғаны туралы арыздары да қабылданбайды екен.
Автор: Жанар Низамутдинова
22.02.2017
Бір түнде 10 бас жылқыдан айырылған Бекен Сейдеғалиев секілділер Доссорда жетіп артылады. Барлығы дерлік малды банк берген несиеге сатып алған. Араларында «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал санын көбейтпек болғандар да бар. Бірақ араға ай емес, апта салып келетін ұрылар доссорлықтардың бәрін тақырға отырғызып жатыр екен.
Сағындық Мұқаш, Доссор кентінің тұрғыны:
-Бастапқыда мен 8 миллион ақша салдым. Малды енді көбейтіп келе жатқанда 23 бас жылқы бір түнде жоқ болып кетті. Бір түйірін де тапқан жоқпын.
Берік Қазмағамбетов, Доссор кентінің тұрғыны:
-2012 жылы басталды ұрлық ауылда. Көзімізді бақырайтып қойып, жолдың бойында үйір бағып жүрген айғырымды атып алып, сойып әкетіп жатыр.
Ақ адал малынан айрылып, ашынғандар тіпті ауыл сыртында салт атпен бейсауат жүрген күдіктілерді өздері ұстап, полицейлерге әкеп беріпті. Бірақ бұлардан қашпақ болғанда аттан құлап зардап шеккендер жұрттың өздерінің үстінен арыз жазыпты. Ал малынан айырылғандардың шағымын тәртіп сақшылары қабылдамайтын көрінеді. Бірақ полицейлер мұның бәрі негізсіз деп отыр.
Гүлнәзира Мұхтарова, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Қазіргі кезде Алғабас ауылының екі тұрғынынан далалықта Доссордың 4 тұрғыны соққыға жыққаны туралы арыз түсті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚК-нің 293 бабы «бұзақылық» бойынша жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы жан-жақты тексерілуде. Ал Доссор тұрғындарының мал ұрлығы туралы арыздары қабылданбайды дегендері шындыққа жанаспайды.
Жұрт, тек соңғы 1-2 жылда тұрғындар 30 шақты мүйізді ірі қарадан, 150 басқа жуық жылқыдан айырылыпты. Із-түзсіз жоғалып кетіп жатқан ұсақ мал тағы бар. Аудандық ішкі істер бөлімін «ұрыларды жасырып, сөзін сөйлейді» деген доссорлықтар, енді полицейлердің өздерін сотқа беріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!