Алматы облысында жалақы алмаған күзетшілер шу шығарды
Еңбекақысын күйттеген күзетшілер! Алматы облысында ірі күзет агенттігінде жұмыс істеген бір топ адам наразылық білдірді. Олар тұрғын үй кешендері мен мемлекеттік мекемелерде айлап тегін қарауыл болғанына ызалы. Басшылар 40-тан астам күзетшіні айлық бермей қинағаны былай тұрсын, соңында жұмыстан да қуып шыққан.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
22.02.2017
Бұл күзетшілер әртүрлі ғимаратты қарауылдағанымен, басшылары бір. Басым бөлігі осы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде қызмет еткен. 40-тан астам адамның маңдай тер ақысын ала алмай жүргеніне жарты жылдан асыпты.
-Бала-шағамыз бар, басымызда кредитіміз бар.
-3 ай істедім де, 25 мың-ақ алдым. Болды.
Бастапқыда күзет агенттігінің басшылары бұларға ай сайын 45 мың теңге төленеді деп уәде еткен. Бірақ бұл бос сөз болып шықты. Компания қызметкерлерге тегін жұмыс істетіп, артынша жұмыстан қуып шығуды әдетке айналдырған дейді ашулы күзетшілер.
Марат Садықов, күзетші:
-Боссың, шал, кете бер дейді. 3 ай істетіп шығарып жібереді. Ақшасын бермейді.
Қызметкерлеріне айлық бермей жатқан компания 20-ға тарта ірі нысанға көрсетеді. Тұрғын үй кешендері мен мемлекеттің мекемелерден бастап, ЭКСПО нысандарына дейін қарауылдайды екен. Ал, ол ғимараттар күзет агенттігіне тиісті қаржыны уақытылы аударып отырыпты. Тіпті, басшылар түрлі сылтау айтып, жұмысшыларымен ресми түрде келісім-шартқа да отырмапты. Мұнысы – соттасқан жағдайда басты айғақ етеміз деп алдын алған түрлері болса керек.
Ал «Үшқоңыр» күзет агенттігінің директоры жалақы мәселесіне келгенде баяғы әніне салды. Сөзіне сенсек, тамыздан бері созылып келе жатқан еңбекақы мәселесі апта соңында шешімін таппақ.
Сырым Үсен, «Үшқоңыр» күзет агенттігінің директоры:
-Әр айдың өзінің бір себептері бар. Аптаның соңында шешіледі. Болды, басқа ештеңе айтпаймын мен.
Талайдан бері алданған күзетшілер бастыққа бұл жолы да сенген жоқ. Сондықтан, жалақысын күтіп шаршағандар енді күзет агенттігімен соттасуға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!