Алматы облысында сұмдық апатқа тап болған жүргізуші тілге келді
Алматы облысында жантүршігерлік жол апаты болып, 3 адам қаза тапты. Алматы – Қорғас тас жолында түн қараңғысында жылдамдығын арттырған жеңіл көлік шағын автобуспен бетпе-бет соқтығысқан. Соның салдарынан Аудидегі 22 жасар жігіттер оқиға орнында жан тапсырды. Ал шағын автобустың жолаушылары аман. Алайда олардың көбі ауруханада жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
22.02.2017
Аурухана төсегіне таңылған адамдардың қазіргі жағдайы мәз емес. Шағын автобуста болған оннан аса жолаушының тоғызы осы Есік қаласындағы емдеу мекемесіне жеткізілген. Барлығы да миы шайқалудан бастап әр түрлі ауыр жарақаттар алған. Ал әрең тілге келген шағын автобустың жүргізушісі түнде көз алдында болған сұмдық оқиға жайлы айтып берді.
Талғат Өмірбеков, шағын автобус жүргізушісі:
-Ауди атып шықты, өткізуге мүмкіндігім болмады. Жақын келіп қалды. Бірақ, ол өз жолына қашты. Сол кезде болды апат.
Яғни Талғат қарсы бағыттағы Аудиден қашамын деп автобусты солға қарай бұрған. Алайда жеңіл көлік өз жолына қайта түсіп үлгеріпті. Сөйтіп, автобус жүргізушісінің айтуынша, апаттан құтылу мүмкін болмаған. Оның жанында отырған баласы – Қуандықтың аяғы сынған. Ол да қарсы шыққан жеңіл көліктің тым қатты келгенін айтып отыр.
Қуандық Қанатбек:
-Негізі ол машина қатты келді. Соққан кезде ес-түсімді жоғалтып алыппын.
Оқиға кеше түнде сағат 2-лерде Ават ауылының маңында болған. Жантүршігерлік апаттан әсіресе Аудидің сау тамтығы қалмапты. Әдетте темірі мықты саналатын бұл көліктің жартысы мыжылып кеткен. Шағын автобусқа да соққы оңай болған жоқ.
Аян Шілдебаев, Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі:
-Тоғыз адам әкелді. Жағдайлары ауыр еді. Бір әйелдің омыртқасы сынған. Тағы екеуін дереу жан сақтау бөліміне ауыстырдық. Қазір барлығының беті бері қарады. Жарақат алғандардың тек екеуі ғана ер адам, қалғандары әйелдер. Қажет болып жатса ертеңнен бастап ота жасаймыз.
Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жол апатының толық мән-жайы содан кейін ғана белгілі болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!