Ресейден қайтарылған Ембі полигонынан мұнай қоры табылуы мүмкін
Ресей елімізге Ембіні қайтарып берді. Соңғы 60 жыл бойы Ақтөбе облысындағы осы полигонда әскери оқу-жаттығу жүргізілген екен. Енді босап қалған жүздеген мың гектар жер ауыл шаруашылығына беріледі және ол аумақтан мұнай кен орнын іздеу жоспарланып отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
22.02.2017
Қорғаныс министрлігі ұзақ уақыт атыс-шабыс үзілмеген полигонды жіті тексеріп алдық деп отыр. Топырақ пен ауаның құрамы бұзылмапты. Табиғатқа зиян келсе, Ресей қосымша өтемақы төлеуі тиіс. Өйткені, көршілеріміз Ембідегі 800 мың гектар жерді жалға алып, жылдар бойы ракета ұшырды, түрлі әскери жаттығулар өткізіп келді. Ресей бұл аумақты пайдаланғаны үшін былтыр елімізге 7 миллиардқа жуық теңге төлепті. Екі ел арасындағы келісім енді ресми түрде тоқтатылып отыр. Құжатты бүгін Мәжіліс мақұлдады. Үкімет Ембідегі босап қалған полигонның 308 мың гектарын шаруаларға бермек. Қалған аумақта пайдалы қазба жұмыстары жүргізіледі. Ал Ресейдің пайдалануында әлі миллиондаған гектар жер бар.
Талғат Мұхтаров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
-Тең жартысын қайтардық. Оның өзі 10 миллион гектардай. 8 миллион 600 мың гектар жер Ресей тарапында қалып отыр. Ол жерде Ресеймен бірге оқу-жаттығулар өткіземіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!