{metadescription}
Атамбаевтың тосын мәлімдемесі дипломатиялық жанжалға ұласты
Атамбаевтың тосын мәлімдемесі дипломатиялық жанжалға ұласты

Атамбаевтың тосын мәлімдемесі дипломатиялық жанжалға ұласты

Астана мен Бішкек арасында дипломатиялық дау өрши түсті. Еліміздің Сыртқы Істер министрлігі елордадағы қырғыз дипломатын дереу  шақыртып, қолына наразылық нотасын ұстатты. Бұған Қырғыз президентінің еуропалық арналардың біріне берген сұхбаты себеп. Онда Алмазбек Атамбаев 7 жыл бұрын Қазақстанның шекарасын жабуы, қырғыздың экономикасын тұралатып адам өліміне әкелді деп түсініксіз мәлімдеме жасаған.

Қырғыз президентінің әлемге әйгілі телеарналардың біріне берген сұхбаты екі елдің арасына сызат түсіргендей. Әншейінде қазақты жиі мақтайтын Алмазбек Атамбаев Еуропаға барған сапарында аяқасты құбылды. Сөйтіп 2010 жылғы төңкеріс кезінде Қазақстанның шекарасын 40 күнге жабуы қырғыздардың өліміне әкелді деп дүниежүзінің алдында құдайы көршісін қаралады.

Алмазбек Атамбаев, Қырғыз Республикасының президенті:

-В 2010 году, когда Казахстан нам устроил блокаду на 1,5 месяца, у нас даже были человеческие жертвы. Такое было, потому что блокада – это плохая вещь.

Атамбаевтың мұндай тосын мәлімдемесін енді ресми Астана түсіне алмай отыр. Өйткені Қырғыз президенті 7 жыл бойы бұл туралы жақ ашпаған. Оның үстіне, Қазақстан қауіпсіздік үшін шекарасын жапқанымен, бауырлас елге төңкеріс кезінде көп көмек көрсеткен.

-Қырғыз Республикасында 2010 жылы болған төңкерістің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан тарабы ағайын ел ретінде және ОБСЕ қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде жан-жақты көмек көрсетті. Гуманитарлық, қаржылық қолдаудан бөлек, жүк пен жолаушылар тасымалына ешқандай шектеу қойылған жоқ.

Тіпті Астана қиын жағдайда қалған бауырына гуманитарлық көмек ретінде 10 миллиард теңге бөлген. Одан кейін де Бішкекке тонналаған жанармай мен астық жіберіп, 400 миллион киловатт тегін электр қуатын беріпті.

Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаты:

-Қырғыз еліндегі саяси факторлар себеп болған шығар деп ойлаймыз. Әртүрлі саяси күрестер болуы мүмкін. Әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Осындай кезде  бір ұпай жинау үшін мәлімдеме жасауы мүмкін.

Әзірге қырғыз дипломаттары Астана жіберген наразылық нотасына  жауап берген жоқ. Есесіне, қырғыз сарапшылары Атамбаевтың айтқанын жуып-шаюға кірісті. Айтуларынша, президенттері шекараның жабылғанын мысал етіп, Еуразиялық одаққа кірудің маңызын айтпақ болған.

Эмиль Жороев, саясаттанушы (Қырғызстан):

-Атамбаевтың  Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәмілені сынға алу ойында болған емес. Соны түсіну керек. Әлбетте Қырғызстан ара-қатынасын бағалайды. Жәрдем беріп келе жатқанын, көмек беріп жатқанын ешқашан ұмытқан жоқ.

Десек те, бұндай мәлімдемелер Атамбаевқа абырой әпермесі анық. Әзірге әлем алдында Қазақстанды қаралаған Қырғыз президенті өз сөзіне түсініктеме берген жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде