{metadescription}
Ақтау тұрғыны Каспий жағасындағы үй үшін Қорғаныс министрлігімен соттасып жатыр
Ақтау тұрғыны Каспий жағасындағы үй үшін Қорғаныс министрлігімен соттасып жатыр

Ақтау тұрғыны Каспий жағасындағы үй үшін Қорғаныс министрлігімен соттасып жатыр

Маңғыстау облысында сот орындаушылары жергілікті тұрғынды маяк маңындағы үйін тартып алмақшы. Өйткені Жәңгірхан Сүлейменовтің жерін даулап, Қорғаныс министрлігі әскери сотқа шағымданған. Ал судья 57 жастағы азаматты, қолында меншікті растайтын құжаты барына қарамастан, отбасымен баспанасынан қуып шығу туралы шешім шығарып беріпті. Бұған ашынған тұрғын енді өліспей беріспеймін деп бекініп отыр.

Каспий жағасындағы бұл маяк мұнарасын Жәңгірхан Сүлейменовтің әкесі тұрғызған. 57 жастағы азаматтың өзі де осы маңдағы үйде өмірге келіп, әулетімен ондаған жылдар бойы теңізшілерге жол көрсетер шамды күзетіп келеді. Осыдан 8 жыл бұрын маяктың жарығы өшіп, стратегиялық нысан әскерилердің қолына өткен. Енді сол маңдағы Сүлейменовтердің үйін сот шешімімен Қорғаныс министрлігі меншіктеп алмақшы. 

Жәңгірхан Сүлейменов, маяк күзетшісі:     

-Үй мен жердің құжатын менің меншігіме рәсімдеп берген Мұнайлы ауданының әкімдігі. Оларды жер қатынастар бөлімімен бірге сотқа береді. Бірақ ақырында мен жауапкер болып шықтым. Мемлекеттік мекемелер арасындағы тартыстан мен қаңғып қалғалы отырмын.  

Каспий теңізі жағалауындағы маяктар бұрын гидрография мекемесіне қараған екен. Кейін әскерилердің қолына өткен кезде маяк күзетшілерінің бас-басына үй беріп көшіріпті. Тек Жәңгірханның отбасын елеусіз қалдырған. Енді сот шешімі орындалар болса, ол бала-шағасымен қаңғырып қалғалы тұр.

Жәңгірхан Сүлейменов, маяк күзетшісі:       

-Мен енді бала-шағаммен бір жерде тұруым керек қой. Өмір бойы тұрған шаңырағымнан қуып жатыр. Мен тентіреп қайда барамын

Әскерилер Сүлейменовтердің жағдайына қатысты жақ ашпай отыр. Тек мемлекет меншігіне өткен шаңырағын босатып беруді сұрайды. Тіпті оларды қуып шығуға сот орындаушыларын жіберген. Бірақ олар баспананы қайтара алмай кері қайтты. Себебі бұл үйде Жәңгірханмен бірге ағасы да тіркелген екен. Ал ол туралы сот шешімінде ләм-лим демеген.

-Сот шешімі заңды күшіне енді. Босатуыңыз керек.

-Ал мына кісіні қайда жібересіңдер?

-Мына кісі біздің сот шешімінде көрсетілмеген.

-Көрсетілмесе арғы жағыңда тұр.

Сот орындаушылары енді маяк маңындағы үй мен жерді тартып алуға он күннен кейін келеміз деп кетті. Оған дейін Сүлейменовтер Жоғарғы сотқа арыз түсірмекші. Ендігі бар үміттері сол органда. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде