Алматыда мектеп оқушысын қағып өлтірген жүгенсіз жүргізуші ақыры ұсталды
Бір тәуліктен бері іздеуде болған азамат Алғабас ауылының тұрғыны. Кеше кешкісін ол анасымен бірге келе жатқан 1-ші сынып оқушысын қағып кеткен болатын. Ауыр соққыдан Айнар Дәулеткелді есімді 7-жастағы қыз ауруханаға жетпей көз жұмған. Ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кетіпті.
Автор: Диас Нұрақын
23.02.2017
-7 жасар Айнарды жоғары жылдамдықпен жүйткіген көлік дәл осы тас жолдың үстінде қағып өткен екен. Оқыс оқиға сабақтан тыс уақытта болған. Яғни кешкі 7-лер шамасында мектеп түбінде пәтер жалдап тұратын 1-ші сынып оқушысы анасымен бірге дүкенге бара жатқан. Осы сәтте жеңіл көліктердің бірі оны анасының көзінше қағып өте шығыпты.
Сөйтіп, оқушыны көлігіне салып ауруханаға апармақшы болған. Алайда жол-жөнекей тағы бір көлікпен соқтығысып, ажал аузында жатқан Айнарды анасымен бірге басқа көлікке салып жіберген. Артынша өзі де жым-жылас жоқ болып кетіпті. 44 жастағы сол жігіт бүгін ұсталып отыр. Алғабас елді-мекенінің тұрғыны «Мазда» көлігін көрші ауылдағы туыстарының үйіне тығып үлгерген.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
-Бұрын соңды мүліктік қылмыс үшін сотталған 1994 жылы. Қазір қаладағы техникалық жөндеу станцияларында жұмысшы болып істейді екен.
Ал ауруханаға жетпей жан тапсырған Айнар Алғабастағы 185-ші мектепте оқыған. Бірініші сынып оқушысының оқыстан ажал құшқанына ұстаздары сене алар емес. Өйткені түске дейін көз алдында жүрген шәкіртінің кешқұрым жол апатынан қайтыс болғаны барша ұстаздардың қабырғасын қайыстырды.
Айгерім Манап, сынып жетекшісі:
-Сыныптастары сабаққа келген кезде естіді. Олар кішкентай болса да қайғырды.
Ұстаздар мен ата-аналар енді ақша жинап қара жамылған отбасыға көмек көрсетпек. Өйткені қайтыс болған оқушы әкесіз өскен екен. Сондықтан марқұмды, анасының туыстары ертең ақтық сапарға шығарып салады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!