Қазақстанда метадонға қатысты дау қайта өршіді
Метадоннан мүлдем бас тарту керек. Ішкі істер министрлігі нашақорларды емдеуге арналған шетелдік препаратқа түбегейлі қарсы шықты. Өйткені метадон кәдімгі есірткіден де қауіпті. Оған бір үйренген адам өмір бойы тәуелді болады. Ал препаратты бірнеше қала пилоттық бағдарлама аясында әлі пайдаланып жүр. Денсаулық сақтау министрлігі сол метадонды тіпті заңдастырып алмақ. Алайда сарапшылар бұл пайданы ойлаған шетелдіктердің саудасы дейді.
Автор: Жәудір Оразхан
23.02.2017
Ішкі істер мен Денсаулық сақтау министрлігінің арасында метадонға қатысты дау 10 жылдан бері жалғасып келеді. Дәрігерлер нашақорларды шетелдік препаратпен емдеуге кіріскелі полицейлерден маза қашқан. Ине ұшына тәуелділер азаймай тұрғанда, енді метадонсыз өмір сүре алмайтын адамдардың саны өсті дейді полицейлер.
Жанат Бекенов, ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары:
- Метадон ешқандай ем бермейді. Нашақорлардың организміне күш беріп тұрғандай болады. Түкте пайдасы жоқ.
Полицейлердің алаңдауына негіз бар. Өйткені, қазір Қарағанды, Тараз, Павлодар, Өскемендегі оңалту мекемелеріндегі нашақорларды метадонмен емдеудің пилоттық бағдарламасы аяқталып келеді. Енді Денсаулық сақтау министрлігі мұны заңдастырса, тәртіп сақшылары препаратты түрмедегі нашақорларға да беруге міндеттеледі. Жалпы, метадон - Еуропа елдерінің есірткінінің орнына ойлап тапқан дәрісі. Оны Қазақстанның кеңінен пайдалануын қолдап отырған да шетелдік ұйымдар.
Сигне Ротберга, БҰҰ Астана қаласындағы өкілі:
-Нашақорларды емдеудің ең тиімді жолы – метадон бағдарламасы. Оны науқас инемен қабылдамайды, ішеді. Яғни, ВИЧ сынды жұқпалы аурулар жұқтырмайды.
Бастамаға Ішкі істер министрлігі ғана емес, еліміздегі қоғамдық ұйымдар да қарсы. Сарапшылардың ойынша, шетелдіктер лобби жасап, метадонның саудасын қыздырмақшы екен.
Ольга Арапова, қоғамдық қордың директоры:
-Халықаралық ұйымдар Қазақстан нашақорларды өмір бойы тегін есірткімен қамтамасыз етеді деп үміттенеді. Бұған өздері мүдделі. Егер метадонды қабылдасақ - нашақорлықты заңдастырамыз.
Яғни, ақ ұнтаққа тәуелді адамды метадонға отырғызамыз дейді сарапшылар. Атышулы препаратпен емделгендердің бірі - Елена. Ол 13 жылдан бері тұрақты түрде есірткі шеккен.
Елена Кузницова, Теміртау қаласының тұрғыны:
-Бастапқыда есірткіні шегіп көрдім. Кейін оңалту орталықтары көмектесе алмады. Ол жерде жылдан астам уақыт емделдім. Нәтиже бермеді. Кейін метадон бағдарламасына жазылдым.
Елена емделген соң есірткіні мүлдем тоқтатыпты. Бірақ, метадон қолданғандардың барлығы бірден жаман әдеттен айығып кетпеген. Қазір метадон еліміздегі дәріханаларда сатылмайды. Оны тек дәрігерлердің өзі оңалту орталықтарындағы емделушіге дайындап береді. Бірақ, оны қолдану заңдастырылса, препараттың нарыққа тарап кеуі де мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!