Астанада ашынған үлескерлер қалалық прокуратура алдына митингке шықты
Олар өздерін алдап соққан құрылыс компаниясының басшысын қамауға алуды талап етуде. Өйткені, сот кәсіпкерді кепілақымен бостандыққа қоя берген. Еркінсіген бизнесмен болса, салынып бітпеген пәтерлердің өзін бірнеше адамға сатып жіберіпті.
24.02.2017
Гүлназ Сармузина, үлескер:
- 2014 жылы сатып алдым. Ал ол кісі 2011 жылы басқа кісіге сатып қойған екен. Екінші рет маған сатқан.
Бұл «Орал-Дизайн-Сервис» компаниясына алданып қалған адамдар. 4 жыл бұрын пәтерге миллиондап ақша салып, соңында қаңғып қалған. Жеке фирманың басшысына қатысты алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, сот бір жарым жылдан бері созылып келеді.Тіпті, компания 748 үйге мыңнан астам тұрғынмен келісім-шарт жасасыпты. Яғни, бір баспананы бірнеше кісіге сатқан. Ал далада қалған жүздеген үлескер енді бостандықта жүрген кәсіпкерді тұтқындауды талап етуде. Бірақ кабинетінің түбінде шулағандарға Астананың прокуроры шыққан жоқ. Қарамағындағыларды жібергенімен, олардың да наразы топпен әңгіме жараса қоймады.
Данияр Ермеков, Астана қалалық прокуратурасының басқарма бастығы:
-Подождите, ну тихо. Дайте я скажу. Тихо. Тихо. Я не буду с вами говорить. Может мне не говорить с вами или что? Ну тогда сидите, я покину.
Кейін сабасына түскен прокурор шешімге наразылық білдіріп, «Орал-Дизайн-Сервистің» директорын тұтқындау жөніндегі құжатты сотқа жіберді. Осыдан соң үлескерлер де үйлеріне тарай бастады. Ал, қараусыз жатқан 13 тұрғын үй кешеніндегі құрылыс сол күйі тоқтап тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!