Еліміздегі жер сілкінісін зерттейтін мамандар жалақысыз жүр
Қағазбастылық кесірінен қалта қағылды! Шенеуніктердің қателігінен сейсмологтар жыл басынан бері жалақы ала алмай жүр. Яғни, Табиғи монополияларды реттеу комитеті жер сілкінісін зерттейтін мекемені құжат жүзінде геологиялық қызметке қосып, салдарынан биыл ол қаржыландырылмай қалған. Енді сейсмология мекемесінің жабылғалы тұрғаны өз алдына, 300-ге тарта қызметкер маңдай тер ақыларынан қағылып отыр. Ал, еліміздің оңтүстігі мен шығысы тұтастай сейсмоқауіпті аймақта орналасқанын ескерсек, бол жайттің қауіпсіздікке кері әсер ететіні сөзсіз.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
24.02.2017
Сейсмологтар үшін биылғы жыл жағымды басталмады. Өйткені, жер сілкінісін зерттеушілер 2 айдан бері жалақы көрмеген. Басшылардан бастап, бар өмірін осы қызметке арнаған ғалымдарға дейін жалақыдан қағылыпты.
Дәнекүл Биназарова, сейсмолог:
- Кейде жолға ақша табылмай қалады. Пәтерде тұратындар бар.
Сөйтсе, 90 жылдық тарихы бар мекеме биыл мемлекеттік қаржыландыруынан қағылыпты. Ал, оған Табиғи монополияларды реттеу комитеттің қателігі себеп екен. Олар сейсмологиялық экспедицияны құжат жүзінде геологиялық қызметке жатқызған. Сөйтіп, тұтас бір мекемені көк тиынсыз қалдырып отыр. Бюрократиялық қателіктің құрбаны болған ұжымның жан айқайы Мәжіліске де жеткен.
Екатерина Никтинская, Мәжіліс депутаты:
- Сейсмологиялық экспедиция геологиялық барлау мен іздеу қызметіне жатқызылған. Негізі ол техникалық зерттеулер мен сынамалар жүргізетін мекеме. Ал, комитетке өзінің бюрократиялық қателігін қайта қараудың орнына, еліміздің оңтүстігі мен шығысындағы 9 миллион адамның өмірін қатерге тігу оңай сыңайлы.
Расымен, еліміз тұтастай сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Әсіресе, оңтүстік пен шығыста 7-ден 10 балға дейінгі жер сілкінісінің қаупі бар. Ал, сейсмологиялық экспедицияның қазіргі жағдайы қауіпті күшейте түседі. Өйткені, ол еліміздегі жер сілкінісін зерттейтін жалғыз мекеме. Сондықтан, жұрттың қауіпсіздігін ойлаған ғалымдар әзірге ақысыз болса да жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Жолдас Ақжалов, сейсмолог:
- Біз күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Станцияны тоқтатқанымыз жоқ. Жердің қозғалыстарын аппаратпен өлшеп, осы жерге бірден жеткізіп тұрамыз.
Дегенмен, кейбір қызметкерлерді ақысыз демалысқа жіберуге тура келіпті. Айта кетсек, экспедицияның қарамағында жер сілкінісін түрлі әдіспен зерттейтін 63 сейсмостанция бар. Ондағы жұмысшылар саны 300-ге жуықтайды. Ал, экспедицияға бұған дейін жыл сайын 418 миллион бөлініп келген екен. Оның өзі де тым аз дейді ғалымдар.
Руслан Гашимов, сейсмолог:
- Жөндеуге баратын жанармай алу керек. Қыстың алдындағы отын көмірді алу керек. Солардың бәрін есептегенде окладымыз 30-35 мыңның аралығында, ең төменгі .
Ал, әзірге мамандар қызметін қорда қалған шикізатпен жалғастыруда. Ол таусылса, зерттеу де тоқтамақ.
Сейсмологиялық экспедицияның ісі құрдымға кетсе, сейсмоқауіпті алдын-ала ескертетін адам қалмайды. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі өз қарамағындағы экспедицияға араша түсіп, қателік жіберген комитетке жүгінген. Мәселенің дереу шешілуін депутаттар да талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!