Оралда ашынған тұрғындар үйлерінің сүрілуіне қарсы шықты
Апатты болмаса да, жермен-жексен етілмек! Оралда бір топ адам тұруға жарамды үйлерінің сүрілуіне қарсы шықты. Жергілікті шенеуніктер қала орталығындағы 9 үйді ескі болғандықтан қиратып тастамақ екен. Орнына көпқабатты жаңа нысандар салынбақ. Бірақ, жұрттың жайлы баспаналарынан кеткісі жоқ. Себебі, жуырда ғана жөндеуден өткен бұл үйлер апатты нысандар тізіміне кірмейді. Ал жергілікті биліктің құлағалы тұрған 40 үйдің орнына орталықтағы бүтін үйлерге көзі түсуі тегін емес дейді тұрғындар.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
27.02.2017
Бүгін жұрт жанайқайын шенеуніктерге осылай жеткізуге тырысты. Өйткені алаңсыз тұрып жатқан баспанасының сүрілуіне тұрғындардың барлығы дерлік қарсы.
Сәкен Нұғманов, Орал қаласының тұрғыны:
-Тек 2 кісі кеткісі келеді. Қалғандары қалатын кісілер.
Атқамінерлер мұндағы 9 үйді әбден ескірген деп тауыпты. Сөйтіп, оны сүріп, орнына көпқабатты жаңа нысандар тұрғызбақ екен. Алайда қиратылғалы жатқан үйлердің бірде-бірі апатты үйлер тізімінде жоқ. Ал қабырғаларда ешқандай жырық байқалмайды. Төбесі мен едені де бүтін. Сондықтан жұрт тұруға жарамды жайлы үйімізден кетпейміз деп отыр.
Павел Ялов, Орал қаласының тұрғыны:
-Осы пәтерді алу үшін 20 жыл ақша жинадым. Енді үй сүріледі екен деп, әркімнің босағасын паналауым керек екен. Ең болмаса, құрылыс біткенше бізге өздері пәтер жалдап берсін.
Тіпті сүрілгелі жатқан үйлердің кейбірі жуырда ғана тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығының жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен. Ал,тұрғындар соның ақысын әлі төлеп отыр. Олар атқамінерлерге осы тұстан жер керек боп тұр деп ойлайды. Тіпті қираған үйдің орнына салынатын нысанның тұрғындарға берілетініне де ешкім кепілдік бермеген.
Әлия Ирмянова, Орал қаласының тұрғыны:
-Дұрыстап түсіндірсін. Жаңа үй салғанда құжатын атымызға аударып берсін.
Бірақ атқамінерлер мұнда салынатын су жаңа үйлер тұрғындарға беріледі деп сендірді. Оған дейінгі уақытша баспананы да дайындап қойыпты.
Қанат Өмірәлиев, Орал қаласы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығының маманы:
-Мердігер 1 жылдың ішінде саламыз деп отыр. Тұрғындарға уақытша үй беріледі. Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа үйлерге өздері көшіп келеді.
Қазір Оралда ресми түрде апатты деп танылған 40-тан аса үй бар. Ал ондағы тұрғындар мәселесін әкімдікке жеткізе алмай, қауіпті жағдайда өмір сүруде. Бірақ оларға ешкім назар аударар емес. Кезектің шын мәнінде құлағалы тұрған үйлерге қашан жететінін шенеуніктер нақты айта алмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!