СҚО-да қатерлі дертке шалдыққан балаға қаржылай көмек қажет
Солтүстікқазақстандық алты жасар Илья Пугач – еліміз бойынша остеопетроз дертімен ауыратын жалғыз сәби. Сүйектердің дұрыс түзелмеуінен баланың ішкі ағзалары зақымдануда. Тұқым қуалайтын дертке шалдыққан оның ата-анасына Израиль дәрігерлері қол ұшын беруге дайын екен. Тіпті сәйкес келетін донор да сол жақтан табылған. Қазір отбасы шет елде емделу үшін мемлекеттік квотаға өтініші беріпті. Алайда оны денсаулақ сақтау министрлігі мақұлдағанның өзінде бұл отбасына ұзақ бейімдеу шаралары үшін қосымша қаражат қажет екен.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
01.03.2017
Алтыдан асса да бір тісі жоқ Илья өте ақылды бала. Көзінің қан тамырлары қысылып қалғандықтан, қазір нашар көреді. Есесіне есте сақтау қабілеті мықты. Үш айлығында нәрестенің қан құрамына қарап дәрігерлер баланың дені сау еместігін айтыпты. Бірақ алты жыл бойы нақты диагноз қоя алмаған.
Юрий Пугач, Илья Пугачтың әкесі:
-Біздің дәрігерлер алты жыл бойы диагноз қоя алмады. Тіпті Мәскеуге жіберген сапартамаларда да бұл дерт анықталмады. Тек жуырда ғана Израильге барғанда , сол жақтың мамандары дөп басып нақты диагноз қойып берді. Осылайша алты жыл уақыт ұттырып алдық.
Илья туылғанда әкесі елуді еңсерсе, анасы қырықты алқымдаған екен. Кеш туған балаға қатты қуанған олар «нәресте қайғы жұтқан бізге демеу болған еді» дейді. Өйткені содан бұрынырақта олардың үлкен қыздары 17 жасында жазылмас дерттен көз жұмыпты. Енді екінші балалары да өте сирек ауруға шалдығып отыр. Сүйектерінің тығыздығы тым жоғары болғанымен, сынғыш келеді екен. Жарты жыл бұрын сәл тайып құлағаннан аяғы сынған бала әлі гипспен жүр.
Ольга Пугач, Илья Пугачтың анасы:
-Біздің ұлымыз жазылады деген үміт бар. Қазір Денсаулық сақтау министрлігіне квотаға өтініш жаздық. Осы айдың ортасында нәтижесі белгілі болады. Ота құны – 280 мың доллар. Ол квота арқылы тегін жасалғанның өзінде бейімдеу шарасына 15 мың АҚШ доллары керек.Соған көмектессеңіздер екен.
Израильдік дәрігерлер бұл дерттен құлан таза жазбаса да, баланың өмірін ұзартуға кепілдік беріп отыр. Ол үшін жілік майын ауыстыру керек. Шет елден тіпті донор да табылыпты. Ендігі бар үміт – министрлік пен қайырымды жандарда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!