Алматы облысындағы Айғаным ауылында құбыр тартамыз дегендер көшелерді ми батпаққа айналдырған
Су сұрап, жолдан айырылды. Алматы облысындағы Айғаным ауылының тұрғындары өткен күзден бері тіршілік нәрінсіз отыр. Жағдайды жақсартып, барлық үйге су тартылады деген бастаманың соңы көшелердің ми батпаққа айналуына алып келген. Құбыр жүргізу ісі аяқсыз қалып, қазылған шұңқырлар да бітелмепті. Талғар ауданындағы көлік түгілі, жаяу адам жүргісіз күйге түскен жолдың жағдайын тілшіміз Олжас Байжан көріп қайтты.
Автор: Олжас Байжан
01.03.2017
Су сұраймыз деп жолсыз қалған Айғаным тұрғындары күзде жер қазылып, құбыр төселе бастағанда қуаныпты. Жоба бойынша ауылдағы әр үйді тіршілік нәрімен қамтамасыз ету көзделген. Алайда, қыстың ерте келуінен жұмыс сол күйі аяқсыз қалған. Енді жұрт ауыз сусыз, жолсыз отыр.
Бауыржан Бекқожаев, Айғаным ауылының тұрғыны:
–Былтыр су жүргіземіз деп қазып, одан ары балшық қылып езіп кетті. Екі көше қазылды, екі көшені тастады. Енді 8 көше бар алдыда.
Қазір мұнда жол талғамайтын көліктер үшін де жергілікті асулардан өту оңай емес. Ал мектепте оқитындарға мүлдем қиын соғады екен.
Арсен Қалдыбаев, оқушы:
–Такси де тоқтамайды, жаяу кетесің анда-санда. Қайтарда да автобус бұзылады, жартысы батады.
Әли Қайдаров, оқушы:
– Барғанша аяқ киім кір болады. Сосын кезекші мұғалім де, кезекші де кіргізбейді. Барған кезде аяқ киімді тазаламасаң кіргізбейді. Сөйтіп, еденнің бәрі кір болады.
Ауыл жолдарын жөндеп, тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін былтыр 546 млн теңге бөлініпті. Бұл қаржыға 38 шақырым құбыр мен суағарларды орнату қарастырылған. Бірақ қазір қазылған ор мен беті ашық құдықтар ғана бар. Ал мердігер компания мұны тіпті жұмыс барысы деп, жайбарақат отыр.
Қуаныш Айтқожин, мердігер компания директоры:
-Келісім-шарт бойынша біз жұмысты қараша айында өткізуіміз тиіс. Қазылған жерлерді бұрынғы қалпына келтіріп береміз. Яғни ол асфальтталады. Күздегі кешігуге екі нысанда жұмыс жүргізгеніміз себеп.
Қазір 8 шақырымға жуық орталық жолды жөндеу үшін облыс бюджетінен тағы 109 млн теңге бөлу мәселесі қарастырылуда. Бұл шешім наурыз соңында өтетін облыс маслихатының жиынында белгілі болмақ.
Айғанымдықтар қазір ми батпақта жүрсе де, болашақта тас жол және таза ауыз суға қол жеткізетіндіктерінен үміт үзбейді. Атқамінерлер тиісті жұмыстар жоспар бойынша жалғасса жазда тіршілік нәрі беріліп, күз соңында жол да реттеледі деп отыр. Ал оған дейін тысқа шыққан әрбір ауыл тұрғынына өзімен бірге резеңке етік, целлофан қап немесе ауыстыратын таза аяқ киімді бірге алып жүруіне тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!