Алматыда қадағалаудан көз ашпаған кәсіпкерлер шағым айтып жатыр
Тек былтырдың өзінде бизнес нысандарына мыңдаған мемлекеттік тексеру жүргізіліпті. Бірақ көбінде ешқандай заңбұзушылық табылмаған. Яғни, негізсіз жасалған деген сөз. Президенттің өзі бизнесті аяқтан шалатын мұндай бюрократиямен күресті күшейту керек деген сайын, тексеріс одан бетер өршіп тұр.
Автор: Ербол Тұрымбет
02.03.2017
Алматылық кәсіпкерлерді Тұтынушыларды қорғау департаменті қаптаған тексерумен әбден қажытқан. Мұндай шаралардың бизнеске кедергі келтіретіні белгілі. Ал жағдай жыл өткен сайын кері кетіп жатыр дейді бизнесмендер.
Эвелина Жолымбетова, дүкендер желісінің өкілі:
-Болмайтын нәрсе үшін уақытты алып жатыр. Бір тексерудің өзі жоқ дегенде 3 сағатқа, кейде тіпті 3 айға дейін созылады. Ал ақырында ештеңе таппайды. Кейбір тұтынушылар істейтін тірлігі болмағандықтан, отырып алып арыз жазуды әдетке айналдырып алған.
2015 жылы қала бойынша кәсіпкерлерге қатысты 625 тексеру жүргізілсе, 2016 жылы ол 3460-қа жеткен. Яғни мемлекеттік тексерулер саны 6 есеге көбейген. Бірақ соның жартысынан астамынан кінәрат табылмай, бос әурешілік болып шығады екен. Дегенмен, аталған департаменттің бұл деректі ескеріп жатқаны шамалы. Өйткені тұтынушылардың әрбір шағымы қаралуы тиіс деген заң бар.
Мұрат Біржанов, Алматы қаласы тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
-Тұрғындар арасында олардың құқықтарын түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Содан болар, бізге келіп түсетін шағым өте көп. Негізі жоспарлы тексеруді әлдеқайда азайтқанбыз. Бірақ, арыз-шағымдар бойынша жоспардан тыс тексерулер көбейіп кетті.
Тексерулердің тым көбейіп кеткенін кәсіпкерлер палатасы да растап отыр. Енді қарамағындағы бизнесмендерді қолдау үшін мәселені билікке жеткізіп, тиісті заңдарға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасамақшы.
Қайрат Құдайберген, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
-Тең жартысы қарастырылмаған және көптеген көтеріліп отырған мәселелер заңсыз деп ойлаймыз. Осы мәселені шешу үшін біз бүгін кеңесіп, құқықтық-нормативтік актілерге өзгерістер енгізу мәселесін де қарастырдық.
Алматының ең ірі гипер-супермаркеттерінің өкілдері бұрқыратып арыз жазудан шаршамайтындардың тізімін жасауды да ұсынып отыр. Өйткені кейбір қызметкерлер арызқой адамдарды әдейі жалдауы мүмкін. Сондықтан мұның астарында алаяқтық әрекет жатуы да ықтимал дейді кәсіпкерлер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!