{metadescription}
Сенаторлар жас отбасының шекті мөлшерін 35-ке дейін көтеруді ұсынды
Сенаторлар жас отбасының шекті мөлшерін 35-ке дейін көтеруді ұсынды

Сенаторлар жас отбасының шекті мөлшерін 35-ке дейін көтеруді ұсынды

Елімізде жас отбасыларға баспана беру талабы өзгеруі мүмкін. Яғни, мемлекеттік бағдарламамен үй кезегіне тұру үшін ерлі-зайыптылардың жас мөлшері 29 дан 35-ке дейін ұзартылмақ. Бүгін сенаторлар осындай бастама көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдады. Өйткені, депутаттар жас отбасылар үшін қойылатын талаптар қисынсыз дейді. Оның үстіне жастардың көбі отау құруды кешеуілдетіп жатыр.

Айнұр Исабаева отбасымен қоныс тойын тойлап, өз баспанасында тұруы керек болса да, әлі күнге пәтер жалдап жүр. Өйткені, 3 жыл бұрын жас отбасы ретінде үй кезегіне тұрған ерлі-зайыптылар, аяқ асты конкурстан шығарылған. Сөйтіп, қуаныштары су сепкендей басылған шаңырақ  жалдамалы пәтерде 7-ші жыл тұруға мәжбүр.

Айнұр Исабаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

-Өзімде екі балам бар. Күйеуім ғана жұмыс істейді. Біз үш жыл бойы «Жас отбасы» бағдарламасын күттік. Енді  әкімшіліктен қолхат келді. Сіздер бұл бағдарламаға ары қарай қатыса алмайсыздар деді.Оған 29-дан асып кеткен жасымыз себеп.   

Жалпы жасы 30-ға толып қойғандықтан баспана кезегіне іліге алмай жүргендер елімізде мыңдап саналады. Олардың көбі енді кісі есігінде күнелтуге мәжбүр. Кішкентай баласы бар отбасыларды ешкім жалдамалы пәтерлеріне жуытпайтыны тағы бар.

Жанболат Түсіпбеков, риэлтор:

-Астанада 70-80 пайыз жас отбасылардың үйі жоқ.  Пәтерін жалға берушілер отбасыларды таңдайды, баласы жоқ болғанын қалайды. Баспанам бүлініп қалмасын дейді. Сондықтан баласы бар отбасыларға пәтер алғанды қойып, жалдаудың өзі қиын.

Енді кезінде кезекке үлгермей өзгенің босағасын жағалағандарды сенаторлар жарылқауға кірісті. Яғни, жоғарғы палата депутаттары жас отбасы ретінде үй кезегіне тұруды қазіргідей 29 емес, 35 жасқа дейін ұзартуды ұсынып, премьер министрге сауал жолдады.

Дархан Кәлетаев, Сенат депутаты:

-Пәтер кезегіне тұрғысы келген жас отбасыларға жасына қарай шектеу қойылады. Тіпті, кейбір талап бойынша ерлі-зайыптылардың міндетті түрде баласы болуы керек. Әрі 2- 3 жыл некеде болуы шарт. Сондықтан осы талаптарды қайта қарап, жас мөлшерін 35-ке дейін көтеру керек.

Оның үстіне жастардың көбі материалдық жағдайын жақсартуды ойлап, отау құруды кейінге қалдырып келеді. Кейбірі жылдар бойы кезекте тұрғандықтан Исабаевтар әулеті секілді мемлекеттің арзан баспанасынан  қағылып отыр.

Десек те, үй кезегіне тұру үшін жас мөлшерін 35-ке дейін ұзарту әзірге ұсыныс қана. Өйткені бұл бастаманы жүзеге асыру үшін Үкіметтің келісімі қажет. Мұндай істің ұзаққа созылатыны тағы бар. Сондықтан мемлекеттен баспана алғысы келген отбасыларға  әлі талай жалдамалы пәтерде жан сауғалаудан басқа амал жоқ сияқты. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.