Оралда көпір құрылысын тездетуді сұраған жұрт наразылыққа шықты
Оралда айналдырған 500 метр көпірді жөндеу бақандай 2 жылға созылмақ. Осыған наразылық білдірген қала тұрғындары жөндеу жұмыстары көлік қозғалысын қиындатып жібергенін айтуда. Осының кесірінен жүргізушілер айналма жолдармен өтуге мәжбүр. Олардың өзі шұрық-тесік.
Автор: Саят Сабдалы
06.03.2017
1965 жылы салынған бұл көпір содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Сондықтан бұл істің қолға алынуы әдепкіде жұртты қуантқан. Бірақ тұрғындар ең алдымен айналма жолдардың жөнге келтірілмегеніне наразы. Себебі қарбалас уақытта шұңқыры көп, тар жолда апатты жағдайлар да жиілепті. Сондай-ақ, екінші көпірдегі көліктің көбеюі, кептелісті күшейтіп жіберген.
Николай Куриленко, Орал қаласының тұрғыны:
- Орталық базар маңында тұрғындықтан Деподағы көпірмен жүретінмін. Енді мына көпірмен жүруге тура келіп тұр.Оның арғы жағынан бері қарай көтерліген тұсында терең шұңқыр бар. Көліктер сол жерде кәдімгідей кідіретіндіктен кептеліс пайда болады.
Шенеуніктер тұрғындардың бұл наразылығынан хабардар екен. Бірақ жұрттың шыдамдылық танытуын сұрайды. Жөндеудің де екі жылға созылуы тегін емес дейді. Өйткені көпір астынан өтіп жатқан темір жол жөндеу жұмыстарына айтарлықтай бөгет жасайды екен. Десе де, мерзімінен бұрын аяқтауға барымызды саламыз деп отыр.
Қайрат Мұхамбетқалиев, Орал қалалық Көлік жолдары және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Құрылысқа берілген 24 айдың 4 айы көпірді жөндеуге дайындық жүргізуге кетеді. Мердігер компания жұмыстарды барынша қысқа мерзімде аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Келесі жылға қарай көпір ашылады деген үміттеміз.
Батыс Қазақстан облысы жолдардың сапасы жөнінен ел бойынша соңғы орында тұр. Сондықтан жұмысына 2 миллард теңге жұмсалатын көпірден өзге, қаладағы жолдардың жартысына жөндеу жұмыстары жүрмек. Сол себепті, биліктегілер жұрттан әзірге шұрық-тесік жолдарда абайлап жүре тұруды сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!