{metadescription}
Алматыда билборд пен лэд-экрандар жаппай қиратылып жатыр
Алматыда билборд пен лэд-экрандар жаппай қиратылып жатыр

Алматыда билборд пен лэд-экрандар жаппай қиратылып жатыр

Алматыда жарнама таратушыларға шабуыл басталды! Демалыс күндері қаладағы билбордтар мен лед-экрандар бірінен соң бірі қиратылған. Бір компанияның өзі 150-ге тарта сыртқы жарнамасынан айырылыпты. Ал келесісіне тиесілі құны 96 миллион теңге тұратын үлкен экран жөндеуге де жарамсыз болып қалған. Әкімдіктегілер болса, сыртқы жарнамалардың жоспарлы түрде жойылғанын мәлімдеді. Бірақ құрылғы иелеріне бұл туралы алдын-ала ескертілмепті. Соның салдарынан миллиондаған шығынға батқандар енді қала әкімдігі мен «Алматы жарнама» мекемесін сотқа бермек.

Жұрт бастапқыда Арбаттағы үлкен экран өзі құлаған деп шуласты. Бірақ мұнда 10 жылдан бері тұрған қымбат құрылғы әдейі қиратылған екен. Яғни сенбі күні «Алматы жарнама» мекемесінің жұмысшылары келіп, оны кесіпті. Қызығы сол, бұл туралы осы экран иелерінің өздері білмей қалған.

Ильчин Бутаев, жарнама таратушы компания директорының орынбасары:

- Алдын-ала ешкім айтқан жоқ. Бұл – бассыздық! Ең болмаса, 5-6 күн бергенде, өзіміз-ақ алып тастар едік. Ал мұнда келген жұмысшылар оны аяусыз қиратты. Енді экран ештеңеге жарамсыз болып қалды.

Осылайша, жарнама таратушы компания 96 миллион теңге шығынға батып отыр. Ал экранды қиратуға асыққандар, оны орнынан алып кетуге асықпапты. Жарамсыз жабдық әлі де Арбатта тұр. Ал қала әкімдігі оған жоспарлы түрде кесілгенін ғана мәлімдеген.

Алматы қаласының әкімдігі:

- Алмалы аудандық әкімдігінің өкілдері төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге оқиға орнына барды. Жағдайды анықтау барысында экранды “Алматы жарнама”  ЖШС жұмысшыларының кесіп алғаны мәлім болды.

Сөйтсе, бір күннің ішінде бизнесі тұралап қалған тек бұл компания емес екен. Дәл сол түні жарнама таратушы өзге мекемеге тиесілі 150-ге тарта билборд жойылыпты.

Тіпті, түбінен кесілген билбордтардың қайда әкетілгені белгісіз. Онда коммерциялықтан гөрі әлеуметтік жарнамалар көп болған екен. Ал компанияға келген шығын 130 миллионнан асады. Бұлар да алдын-ала ешқандай ескерту алмаған.

Наиль Ахмеджанов, жарнама таратушы компания директоры:

- Компаниямызға тиесілі меншігіміз қиратылып жатқанда, тәртіп сақшыларын да шақырдық. Олар да ешқандай шара қолданған жоқ. Ал жұмысшылар ешкімнен сескенген жоқ. Билбордтардың кімге кедергі келтіргені өзімізге де түсініксіз.

Ал сыртқы жарнамаларды түн ішінде қиратқандар бұл әкімдіктің тапсырмасы екенін мәлімдеген.

Бір күнде зардап шеккен қос компанияның да құжаттары түгел. Ал құрылғыларының бәрі заңды екен.Сондықтан аяқ астынан шығынға батқандар сотқа шағымданбақ. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде