Алматыда билбордтар мен лэд-экрандардың неліктен жаппай қиратылып жатқаны белгілі болды
Алматы әкімдігі қаладағы билбордтар мен лэд-экрандардың жаппай қиратылуының себебін түсіндірді. Біраз күннен бері шетінен алып тасталып жатқан жарнама тақталары ескі болғандықтан шенеуніктерге жақпай қалыпты. Сондықтан шетінен кесіліп жатыр екен. Тек бұл туралы сол құрылғылардың иелеріне ескертуді ұмытқан. Ал қалада әлі мыңға тарта осындай жарнама сүрілгелі жатыр екен. Сондықтан даудың әлі өршитін түрі бар.
Автор: Аруна Ортай
07.03.2017
Алматыдағы билборд біткенге қырғидай тигендер туралы кеше де хабарлағанбыз. Темір бағаналарды түнделетіп кескендерге бұйрық берген қала әкімдігіндегілер бұл жайттың себебін бүгін түсіндірді.
- «Алматы қаласын абаттандыру ережесіне өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес, «ескі» форматтағы жарнама құрылғыларын жаңасына ауыстыру жұмыстарын бастадық. Қазір қалада 1 894 билборд бар. Оның 599 ауыстырылды. 984 кесіліп тасталды. Жаңалау жұмыстарының 83,9 пайызы атқарылды».
Яғни бір кездері өздері рұқсат беріп орнатқан билбордтар енді әкімдіктегілерге ұнамай қалыпты. Сөйтіп, оларды бір түнде алып тастауға кіріскен.
Түн жамылып қаланы жарнамадан тазартқандар билбордтарды қаланың шетіндегі мына ми батпаққа әкеліп тастапты. Мұның өзін кәсіпкерлер түн баласы ұйықтамай, іздестіріп жүріп әрең дегенде тауып алған. Енді әрқайсысының құны 900 мың теңге тұратын жарнама бағаналар қазір мұнда құны көк тиынға да татымайтын қоқыс боп жатыр.
Вадим Козинец – жарнамасы қоқыста жатқандардың бірі. Билбордтан нанын тауып жүрген кәсіпкер бақандай 96 миллион теңге шығынға батқан.
Вадим Козинец, жарнама таратушы компанияның директоры :
-Далада қалдырды. Несие алып, кәсібімді жасап жүр едім. Енді оны қалай төлеймін? Тапсырыстың орнын қалай толтырамын? Бұл деген жабайылық. Жарнамаңды алып таста десе, өзім-ақ алар едім. Енді бәрі жарамсыз боп қалды.
Осы жайттың кесірінен бас-аяғы қырық кәсіпкер біраз табысынан қағылыпты. Қоқыста жатқан билбордтары кәдеге енді жарамайды. Тек кесіп, темір-терсекке өткізу ғана қалды. Ашуға булыққан жарнама тарату компаниясының өкілдері енді жабылып әкімдікті сотқа берейін деп жатыр. Сөйтіп, жанжалдың әлі де өрши түсетін түрі бар. Өйткені әлі 800-ге жуық ескі жарнама сүрілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!